Украина дрондары Ресейдің Новороссийск қаласына әуеден және теңізден шабуыл жасады
Видеодан скрин
Украина дрондары Новороссийск қаласына әуеден және теңізден шабуыл жасады. Тұрғын үйлер мен Каспий құбыр консорциумының кеңсесі зақымданды. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
24 қыркүйек күні украиналық ұшқышсыз ұшақтар Новороссийск қаласының орталық аудандарына соққы берді. Новороссийск портына шабуыл жасады. Бұл – Ресейдегі ең ірі теңіз порты, онда халықаралық Каспий құбыр консорциумының мұнай терминалы және РФ Қара теңіз флотының әскери-теңіз базасы орналасқан.
Новороссийск портында дрон шабуылынан ешқандай залал болмағаны хабарланды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, дрон сынықтары құлағандықтан жеті үй, соның ішінде қаланың орталығындағы "Новороссийск" қонақүйі зақымданған. Екі адамның қаза тапқаны және жеті адамның жараланғаны белгілі.
Новороссийск қаласында дрондар шабуылынан кейін төтенше жағдай режимі жарияланды.
Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Новороссийскідегі теңіз терминалы арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау және жөнелту қалыпты режимде жалғасып жатқанын хабарлады.
"Энергетика министрлігі жедел ақпарат алу үшін КҚК акционерлерімен тұрақты байланыста. Жағдай бақылауда", – деп атап өтті министрліктің баспасөз қызметі.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік