Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Уақытында көмек көрсетпеді": Оралдық 24 жастағы қыздың өліміне туыстары дәрігерлерді кінәлайды

Оралдық 24 жастағы Асылтас Аренованың өліміне туыстары дәрігерлерді кінәлайды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Мой Город басылымына сілтеме жасап. 

Туыстарының айтуынша, қыздың кеудесінде ісік пайда болған. Көп ұзамай ол қолын көтере алмай қалған. Дәрігерлерге қаралу еш нәтиже бермеген. Ақыры Асылтас жансақтау бөліміне түсіп, сол жерде көз жұмды. Екі баласы анасыз қалды, олардың бірі 2,5 жаста, екіншісі бір жаста.

Туыстары Асылтастың дәрігерлерге барғанына қарамастан дер кезінде көмек болмағанын айтады.

"Дәрігерлер оны тексермеді, тіпті кеудесіндегі ісікті де қарамады. Алдымен жедел жәрдем шақырды, содан кейін қалалық көпсалалы ауруханаға барды, ол жерден жұқпалы аурулар бөліміне, артынша облыстық ауруханаға жіберді. Барлық жерде анализ тапсырып, ауруын басатын дәрі беріп, үйіне жіберген. 27 ақпанда жансақтау бөліміне түсті, сағат 17:00 шамасында Асылтасымыз көз жұмды", - дейді қыздың туысы.

Қыздың мәйіті сараптамаға жіберілді, бірақ өлім себебі екі аптадан кейін ғана белгілі болатынын айтқан. Марқұмның туыстары дәрігерлердің Асылтасқа дер кезінде көмек көрсетпегеніне наразы.

"Кіші баласын емізу кезінде нәресте кеудесін тістеп алған. Артынша жара пайда болып, ол көбейе бастаған, соңында инфекция бүкіл денеге тараған. Дәрігерлер Асылтастың денесін тексерсе, айқын белгілерді көрер еді.  Көмек сұрап дәрігерлердің алдына өзі барған, алайда ешкім көмектеспепті. Дәрігерлер оған ауруды басатын дәрі салған, басқа ештеңе жасамаған. Ол небәрі 24 жаста еді, 25 жасын мейрамханада отбасымен және достарымен тойлағысы келетін. Балаларына қалай айтамыз? Көздеріне қалай қараймыз? Олар әлі кішкентай", - дейді туысы Нәсіп Сәуленова.

Асылтастың анасы қызының қиналып жатқанын өз көзімен көрген. Әйелдің айтуынша, бәрі өткен аптаның соңында басталған, қыз қол-аяғы ұйып қалғанын айтып, жедел жәрдем шақыруды сұраған.

28 ақпанда Асылтасты туған-туыстары соңғы сапарға шығарып салды. Жас анамен қоштасуға жүздеген адам келді. 

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өлімнің нақты себебін сараптамадан кейін ғана білуге ​​болатынын айтты. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 28 Ақпан, 2023 21:15
Талқылау