"Тұрғын үйдің мүддесін қорғап, мүлкін күтіп ұстайды": Еліміздегі мүлік иелері бірлестіктерінің міндеттері қандай

Фото: Ru.freepik.com
Еліміздегі мүлік иелері бірлестіктері төрағаларының міндеттері айқындалды. Олар үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстап, пайдалануға және жөндеуге жауапты. Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің өкілі Гүлжан Умирзакова Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Құрылыс кодексіне енгізілген өзгерістер мен құрылыс салу кезінде міндеттелген сейсмикалық микроаймақтандыру карталары туралы толығырақ айтып берді.
Ішкі істер министрлігінің басшысы Ержан Сәденов мәжілісте заң жобасын таныстырып жатып, елімізде мүлік иелері бірлестіктері төрағаларына полиция өкілеттіктерінің берілуі туралы айтып, тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін “Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы” заң жобасын таныстырды.
Сондай-ақ тұрғындарға қауіп-қатерді бағалау және кейбір мінез-құлық қауіптерін анықтау құқығы берілу ықтималдығын айтты.
Алайда Индустрия және құрылыс министрлігінің қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің бас сарапшысы Гүлжан Умирзакова мүлік иелерінің бірлестіктері төрағаларының міндеттері өзгермегенін айтты.
“Мүлік иелері бірлестігі – көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың иелерімен құрылатын коммерциялық емес ұйым, заңды тұлға. Біріншіден, олкондоминиум нысанын (көппәтерлі тұрғын үйді) басқарады. Яғни, үйдің ортақ мүлкін күтіп ұстап, пайдаланады және жөндейді. Екіншіден, жалпы жиналыста тұрғын және тұрғын емес үй-жай иелерімен бірге үйді күтіп ұстау мен пайдалануға арналған жылдық шығындар сметасын бекітеді және жарна мөлшерін белгілейді. Үшіншіден, қаржылық тәртіпті сақтауға міндетті. Әрбір үй бойынша жеке ағымдағы және жинақ шоттарын ашып, сол үйдің қаражатын бөлек есепке алады, қаржы қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етеді және пәтер, тұрғын емес үй-жай иелеріне есеп береді. Төртіншіден, үйдің техникалық пайдаланылуын қамтамасыз етеді. Тексеру актілерінің болуын, ортақ мүлікті түгендеуді, жөндеуді (соның ішінде күрделі жөндеуді) ұйымдастырады. Бесіншіден, мүлік иелері бірлестігі заңмен немесе МИБ жарғысымен пәтер және тұрғын емес үй-жай иелерінің мүдделерін мемлекеттік органдарда, ұйымдарда, соның ішінде соттарда қорғайды. Алтыншыдан, үй иелерінің шешіміне қарай, басқарушы субъектіні таңдауға немесе тағайындауға қатысады және оның жұмысын бақылайды. Жетіншіден, пәтер және тұрғын емес үй-жай иелеріне ай сайынғы және жылдық есептерді ұсынады”, – дейді Гүлжан Умирзакова.
Құрылыс кодексіне қандай өзгерістер енгізілмек?
Сондай-ақ Құрылыс кодексіндегі өзгерістер жайлы Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің өкілі Әсем Мусилова баяндап берді. Оның сөзінше, Құрылыс кодексінің жобасы елде қалыптасқан оң құқықтық тәжірибені және саланың қазіргі нарықтық үдерістеріне сай келетін нормаларды ескере отырып әзірленген.
Жоба аясында мыналар қарастырылған:
-
Құрылыс сапасын бақылаудың жаңа тетіктерін енгізу (“жедел әрекет ету шарасы”, “инспекция жоспары”);
-
Құрылыс процесіне қатысушылардың жауапкершілігін күшейту;
-
Құрылыс саласындағы инженерлерді сертификаттау жүйесін енгізу;
-
Құрылысты цифрлық сүйемелдеуге (BIM-технологиялар) көшу;
-
Сейсмикалық тәуекелдерді ескере отырып, жобалау нормаларын жаңарту;
-
Берілген барлық рұқсаттарды түгендеуге мүмкіндік беретін лицензиаттардың электрондық тізілімін енгізу;
-
Нысандарды пайдалануға қабылдау кезінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы және өрт қауіпсіздігі органдарының қатысуы.
Сонымен қатар, құрылыс қызметтеріне “бір терезе” қағидаты бойынша қол жеткізуді қамтамасыз ететін Бірыңғай құрылыс порталы құрылмақ. Бұл жүйе барлық құрылыс қатысушыларына бірыңғай интерфейс арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, жаңа Құрылыс кодексі жобасында депутаттар құрылыс нысандарына берілетін ең төменгі кепілдік мерзімді екі жылдан бес жылға дейін ұлғайту туралы норманы мақұлдаған еді. Бұл шараның мақсаты – тұтынушылардың құқықтарын неғұрлым сенімді қорғау және құрылыс сапасын арттыру.
“Қазір ең төменгі кепілдік мерзімі 2 жыл деңгейінде белгіленген, алайда ол шартпен немесе кейбір салалық реттеу аясында өзгеше белгіленуі мүмкін. Бұл мерзім жасырын ақаулар анықталған жағдайда азаматтардың құқықтарын қорғауға жеткіліксіз. Осыған байланысты Құрылыс кодексі жобасында негізгі кепілдік мерзімін кемінде 5 жыл ету көзделген. Бұл құрылыс салушылардың жауапкершілігін арттырып, орындалатын жұмыстардың сапасын жақсартуға болады”, – дейді Әсем Мусилова.
Айтуынша, Құрылыс нысандарының ең төменгі кепілдік мерзімін 2 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту құрылыс сапасын арттыруға және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Сондай-ақ бұл өзгеріс жобалау құны мен мерзімінің ұлғаюына әсер етпейді деп сендірді.
“Өйткені жобалау сапасы қолданыстағы құрылыс нормаларымен реттеледі, ал оларда ғимараттардың сенімділігі мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды міндетті түрде сақтау көзделген. Жобалық құжаттамада құрылымдардың, инженерлік жүйелер мен әрлеу материалдарының төзімділігін қамтамасыз ететін шешімдер бұрыннан қарастырылған.
Сондықтан бұл жаңашылдық жобалаудың техникалық параметрлерін өзгертпейді”, – дейді ол.
Сейсмикалық микроаймақтандыру картасы деген не?
Болашақта құрылысты жоспарлау кезінде сейсмикалық микроаймақтандыру карталары пайдаланылмақ. Сейсмикалық микроаймақтандыру карталары – бұл белгілі бір аумақтардың сейсмикалық қауіптілік деңгейі бағаланған арнайы картографиялық материалдар. Онда келесі деректер қамтылады:
- Жер сілкінісі қаупінің деңгейі;
- Геологиялық құрылым, топырақтың сипаты, ылғалдылығы және жарылымдар;
- Жер сілкінісінің ықтимал жергілікті әсерлері.
Бұған дейін мұндай карталарды қала құрылысы жоспарлау кезінде қолдану міндетті болмаған. Ал енді қала құрылысы жоспарлау кезінде азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін, сондай-ақ ғылыми негізделген және технологиялық тұрғыдан заманауи жобалау мен құрылыс ортасын қалыптастыру мақсатында сейсмикалық микроаймақтандыру карталарын пайдаланылады.
Жаңа Құрылыс кодексіндегі бұл жаңашылдық құрылыс саласына нақты өзгерістер әкеледі. Аталған өзгерістер келесідей нәтиже бермек:
- Аумақтардың тұрақты дамуы қамтамасыз етіледі, халықтың өмір сүру сапасы артады;
- Қазақстандық құрылыс нормалары халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі, соның ішінде жобаларды басқару және BIM технологиясын қолдану енгізіледі;
- Саладағы нормативтік құжаттар жаңартылып, машина оқитын форматқа көшіріледі, бұл жобаларды автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді;
- Құрылыс нарығы демонополизацияланады, бәсекеге қабілетті орта қалыптасады;
- Жобалау мен құрылыс сапасы айтарлықтай артады.
Осының нәтижесінде құрылыс саласы түбегейлі жаңарып, құрылыс индустриясының ұзақ мерзімді әрі тұрақты дамуына жағдай жасалады.