Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түрмеге қамалады: Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина туралы жалған ақпарат таратқандар жазаланады

Қазақстанда коронавируске қарсы екпе туралы жалған ақпарат таратқан адам 8 миллион 751 мың теңге айыппұл төлеп, тіпті, үш жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шорановтың айтуынша, соңғы кезде әлеуметтік желіде вакцинаға қатысты түрлі қауесет көптеп тарайтын болыпты. Айтуынша, мұны тоқтатудың бір жолы - қатаң шара қабылдау.

Өткен аймен салыстырғанда қаңтарда елімізде коронавирусқа шалдыққандар саны 4 пайызға артқан. Денсаулық сақтау министрі наурызда ауырғандар саны бір күнде үш мыңнан асуы мүмкін деген болжам да айтқан. Министрліктегілердің пікірінше, елдегі ахуалдың нашарлауы азаматтардың жаңа жыл кезіндегі немқұрайдығының кесірі.

"Негізінен COVID саны 15-інен бастап көбейе бастады. Өзіңіз білесіз бізде сайлау 10-ыншы қаңтарда өтті. Инкубационный периоданы қарасақ бұл 5 күннің ішінде бола алмайды. Жалпы бұл өсім ұзақ жаңа жылдық мерекелерге байланысты", - деді денсаулық сақтау министрінің орынбасары Марат Шоранов.

Жалпы Қазақстанда 6 миллион адамға коронавирусқа қарсы екпе салынады. Денсаулық сақтау министрлігі, Ресейден келесі айда "Спутник V" вакцинасының алғашқы тобы жеткізілетінін айтты. Екпені алдымен дәрігерлер алады. Наурыздан бастап мұғалімдер мен күштік құрылым қызметкерлеріне салынады, студенттердің кезегі сәуірде келеді. Жыл соңына дейін қалған сала қызметкерлері мен ниет білдірген азаматтарға да салынады. Алайда халық арасында екпенің сапасына күмәнданатындар көп. 

"Министрден бастап міндетті түрде екпе жасауға барамыз. Біздің бас санитар дәрігеріміз Қиясов мырза және Ғинаят ханым "Спутник" вакцинасымен екпені жасауға дайын. Өз басыма айтсам, қазақстандық вакцинаны таңдап отырмын", - деді Марат Шоранов.

Министрлік COVID-19-ға қарсы екпені салдыруға ешкімді мәжбүрлемейді. Вакцина қалыпты өмірге қайтып оралу үшін қажет, дейді олар. Ал қазір екпе салу үшін мамандар дайындап жатыр екен. Аймақтарға вакцинаны жеткізу үшін арнайы тоңазытқыштар мен препаратты таситын арнайы контейнерлер дайындалуда.

Бұдан басқа, министрліктің мәліметінше, коронавируспен ауырып шыққан адамға 6 ай ішінде вакцина салынбайды. 

Талқылау