Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркияның жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарынан 124 қазақстандық шығарылды

Жер сілкінісінен ең көп зардап шеккен Түркияның төрт провинциясынан 124 қазақстандық шығарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

"Түркиядағы жер сілкіністерінің салдарынан қирау туралы хабар шыққаннан бері министрліктің тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны мыңнан астам қоңырау қабылдады. Олардың көпшілігі Түркиядағы туыстарын іздегендер. Сонымен қатар, телефондар мен өтініштер Түркиядағы елшілігімізге де түскен. Дипломаттарымыз 150-ден астам отандасымызды тауып, олардың Қазақстандағы туыстарымен байланыс орнатуға көмектесті", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Министрлік өкілінің айтуынша, апат аймақтарындағы қиын жағдайды, байланыстың жоқтығын немесе үзілуін ескере отырып қазақстандықтарға көмек көрсету үшін дипломаттар ең көп зардап шеккен апат аймақтарына, атап айтқанда, Газиантеп, Антакия және Кахраманмараш қалаларына барды.

"Көптеген отандастарымыз қауіпсіз жерге көшу үшін көмекке мұқтаж болды, олар көлікпен, тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етілді. Кейбір Қазақстан азаматтары отанына қайтқысы келетінін білдірді. Сонымен қатар, көптеген қазақстандықтар үйлерінің қирауына байланысты құжаттарын жоғалтты. Жергілікті консулдар оларға қажетті жол жүру құжаттарын жасап берді.

Соңғы 4 күнде 124 Қазақстан азаматы Газиантеп, Мерсин, Кахраманмараш, Диярбакыр, Шанлыурфа, Адана, Кония және Елазык провинцияларынан шығарылды", - деді министрлік өкілі.

Дана Русланқызы
Жұма, 10 Ақпан, 2023 18:26