Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 14 014-ке жетті: Ердоған биліктің қателігін мойындады
Түркияда жер сілкінісі кезінде қаза тапқандар саны 14 014-ке, жараланғандар саны 63 794-ке жетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі РИА Новостиге сілтеме жасап.

"Қазіргі уақытта қаза тапқандар саны – 14 014, жараланғандар саны 63 794-ке дейін жетті", – деді Түркия басшысы Газиантеп провинциясында сөйлеген сөзінде.
Бұған дейін 13 мың адам қаза тауып, 63 мыңға жуық адам зардап шеккені белгілі болған.
Ердоғанды сынаушылар билік апат кезінде тым баяу әрекет етті және дайындық нашар болды деп санайды.
Түркия президенті "кейбір проблеманы" мойындағанымен, жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.
Елдегі ең ірі оппозициялық партия жетекшісі Кемал Кылычдароғлу оның бұл уәжімен келіспейтінін айтты.
"Егер бұған жауапты бір адам болса, ол – Ердоған", – деді Кылычдароғлу.
Ердоған қазіргі жағдайда өзара айыптасу емес, бірлік қажет деді.
"Осындай сәтте мен біреудің өз саяси мүддесі үшін теріс пиар жасауына шыдай алмаймын", – деді Режеп Тайып Ердоған.

Бүгінде үйінді астында қалғандар үшінші түнді өткізді, зардап шеккен аудандарда ауа температурасы нөлден төмен екенін ескерсек, оларды тірідей алып шығу мүмкіндігі тіптен азайып барады.
Ол аздай, аман қалғандар баспанасынан айырылып, көшеде түнеп жүр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы олардың үсіп қалуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағып жатыр.
Ал көрші Сирияда жағдай бұдан да қиын. Жер сілкінісіне дейін Түркиямен шекарада жалғыз Баб-эль-Хава өткізу пункті жұмыс істеп тұрған. Қазір оған апаратын жолдар жүруге болмайтындықтан, ол да жабық.
Біріккен Ұлттар Ұйымы жолдар жақын арада жөнделеді деп үміттенеді. Түркия билігі де жақын арада тағы екі бақылау-өткізу пунктін ашамыз деп отыр.
6 ақпан күні таңертең Түркияның Кахраманмараш провинциясында 7,7 баллдық жер сілкінісі болды. Президент Режеп Тайып Ердоғанның айтуынша, бұл – 1939 жылдан бергі ең жойқын апат.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік