Әкімдіктегі жұмысынан кеткен: Түркияда көз жұмған журналистің қызын абысыны қамқорлығына алды
Түркияда қаза тапқан жцрналистің балаларын Анар Жеңісова асырап алды. Ол балаларға бас көз болу үшін жұмыстан кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі.
Фото: Атырау облысы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі
19 қыркүйектен бастап, Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы қызметін 2023 жылдың ақпан айынан бастап атқарып келе жатқан Анар Жеңісова өз еркімен жұмыстан босатылды. Ол жұмыстан кету жағдайын отбасыларына кенеттен түскен ауыр жағдайдан кейін, өз қамқоршылығына алған, ата-анасыз қалған балалардың күтімін жасау мақсатында екенін айтты.
“Жақында Турция елінде жол-көлік апатынан қайтыс болған жақын туыстары марқұм Құрмашев Нұрболат пен Нұғманова Арайлымның артында қалған екі бүлдіршіннің бірі ерекше күтімді қажет ететіндіктен, қиын болса да жұмыстан шығу туралы шешімді қабылдаған Анар Жеңісқызы мемлекеттік қызметте 2010 жылдан бері абыройлы, қажырлы қызмет етіп келе жатқан болатын. Анар Жеңісқызының жұмыстан кетуін бөлім ұжымы қимастықпен қабылдап, қамқорлығына алған балалардың аман-есен, ертерек ер жетіп кетуіне тілектестіктерін білдірді”, – делінген Атырау облысы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің хабарламасында.
Фото: Атырау облысы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі
Сондай-ақ Атырау қаласы әкімі Шәкір Кейкин осы жылдар ішінде атқарған абыройлы қызметі үшін Анар Жеңісқызын Алғыс хатпен марапаттады. Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы қызметін бөлім басшысының орынбасары Н.М.Камашевке тапсырды.
Айта кетейік, Анталья қаласындағы ірі жол-көлік оқиғасынан белгілі журналист, "Зейін Атырау" ерекше балаларды оңалту орталығының негізін қалаған Арайлым Бағытжан екі жасар қызымен бірге көз жұмған еді.