Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркия мен Сирияда 26 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж – ДДСҰ

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісі соңғы 100 жылдағы аймақтағы ең ауыр табиғи апат болды. Екі елде де кемінде 26 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық директоры Ханс Клюге мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі korrespondent.net басылымына сілтеме жасап.

түркия"Бір аптадан астам уақыт бұрын Түркияның орталық бөлігі мен Сирияның солтүстік-батысында болған күшті жер сілкіністері аймақтағы соңғы ғасырдағы ең ауыр табиғи апат болды", – деді Ханс Клюге.

Ол апат салдарынан 36 мыңнан астам адам қаза тапқанын, сондай-ақ екі елде де кемінде 26 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж екенін мәлімдеді. 

Сондай-ақ бұл көрсеткіштің әлі де көбеюі мүмкін екені айтылды. ДДСҰ құрбандар мен зардап шеккендер екі есе көп болуы мүмкін екенін болжап отыр.

Түркиядағы медициналық жүйе ауыр жүктемеде жұмыс істеп жатыр. Себебі елде жараланғандар көп.

"Біз ДДСҰ-ның Еуропалық аймағында 75 жылдық тарихымыздағы ең ірі жедел медициналық көмек бригадаларын орналастыруды бастадық. Олардың мақсаты – зақымдалған медициналық мекемелерді қолдау", – деді  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропадағы аймақтық директоры. 

Еске салсақ, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында 7 балдан асатын жойқын жер сілкінісі болды.

Бақытнұр Шерикбай
Сәрсенбі, 15 Ақпан, 2023 11:12