Түркістан облысындағы су тасқыны: Өңірге төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин келді
Түркістан облысына қатты жауған жауынның салдарынан болған тасқыннан кейін үкіметтің тапсырмасымен төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин келіп, шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Дереккөз: Түркістан облысының баспасөз қызметі
Түркістан облысы Сауран ауданы Шаға ауылының екі жүзден астам тұрғыны су басу қаупіне байланысты 3 ақпанға қараған түні қауіпсіз жерге көшірілген. Аумақта қазір жауын тоқтаған. Ресми мәлімет бойынша, Кентау қаласы мен жиырма ауылда 234 үйдің ауласы мен 27 көшені су басқан.
"Су ағыны Сырдарияға құйып жатыр. Енді Түркістандағы ғана емес, Қызылорда облысындағы жағдайды да бақылауға алу керек", - деді министр жиында.
Облыстық полиция департаменті Созақ өңірі арқылы өтетін Ұланбел-Созақ-Екпінді тас жолы, сондай-ақ Бәйдібек ауданындағы Шаян-Шолаққорған тас жолы су тасқыны салдарынан жабылғанын хабарлады. Тағы жеті ауданда жүргізушілерді абай болуға шақырған.
- Түркістандағы су тасқыны: 7 балабақша жұмысын тоқтатып, 11 мектеп онлайн оқуға көшті
- Түркістан облысында тасқыннан қашып көлік төбесіне мінген адамдар эвакуацияланды
Су басу қаупіне байланысты көшірілген Шаға ауылы тұрғындарының айтуынша, олар туыстарының үйін қоныстанған. Сондай-ақ, мыңға жуық ірі қара мал батпаққа батып кету қаупі төнген елді мекендерден шығарылған.
Төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб жұмысын жалғастыруда. Су басу қаупі төнген жағдайда адамдарды орналастыру үшін орындар дайындалып қойған. Ресми дерек бойынша, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Еске салайық, 2 ақпанда Кентау, Түркістан қалаларында және Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарында жауын-шашыннан көшелер мен аулаларды су басып жатқанын хабарлаған едік.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді