Түркістан облысында су тасқынынан болған залалды анықтауға арнайы комиссия құрылады
Түркістан облысында су тасқынынан болған залалды есептеу үшін арнайы комиссиялар құру тапсырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы комиссия құруды тапсырды.
"Су тасқынының алдын алу бойынша жоспарлар әзірленіп, тиісті жұмыстар басталды. Техника мен арнайы күштерді қауіпті аймақтарға жұмылдырамыз. Бірақ қатты жауын-шашын, жылыну салдарынан қардың тез еруі бірнеше елді мекендерде су тасқынын күшейтуде. Кеше облыстың су объектілері мен өзендерін араладық. Барлық аудандар мен қалаларда күшейтілген режимде жұмыс жалғасып, қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс", – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
ТЖД мен полиция департаментінің, басқарма басшыларының қатысуымен штабтың шұғыл кеңесі өтті.
Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарының бірнеше ауылы су астында қалды Қазіргі уақытта 13 көше, 186 аула және бір жеке тұрғын үй су астында қалды.
"ТЖД күшімен су басқан учаскелерден 154 адам және 200 бас ұсақ мал эвакуацияланды. Тұрғындар туыстарының үйлеріне қоныстанды. Сауран ауданында халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін төрт эвакуациялық пункт дайындалды", - деп хабарлады ТЖМ.
Сондай-ақ, су облыстық маңызы бар жолдарға жетті. Ордабасы ауданында "Найман" және "Құртай" каналдарындағы су деңгейі өсті, қазіргі уақытта су Арыс өзеніне түседі. Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 2500 қап құм төсеу жұмыстары жүргізілуде. Майдантал ауылында су бұру үшін жасанды арналар қазылып, аула учаскелерін су басу қаупі жойылды.
Қазіргі уақытта құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
"Облыс аумағында жауын-шашын тоқтағанымен, су ағыны жалғасуда. Суды ағызу жұмыстарына 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпалар, бір жүзу құралы жұмылдырылды", – деп нақтыланды штабта.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік