Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Туристерден ұят": Қазақстандықтар дәретхана мәселесін шешіп беруді сұрайды

Көкшетау қаласының тұрғындары жергілікті биліктен қоғамдық дәретхана орнатуды сұрайды. Сөздерінше, дәретхананың жоқтығы ыңғайсыздық тудырады екен әрі туристер алдында да ұят. Мұндай мәселе Қазақстанның өзге аймақтарында да ушығып тұр. Бүгінгі таңда 500-ге жуық қоғамдық дәретхана жетіспейді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап. 

дәретхана

Көкшетау қаласында жаңа жыл алдында екі әйелге қоғамдық орында дәрет сындырғаны үшін айыппұл салыныпты. Ал тұрғындардың айтуынша, адамдардың мұндай әрекетке баруына қоғамдық дәретханалардың болмауы себеп. Олар бұл үшін қосымша қаржы төлеуге де дайын екен. 

Қоғамдық дәретхана тапшылығы Алматы мен Астана сынды үлкен қалаларда да ушығып тұр. Ал қоғамдық орында дәрет сындырғандар "Ұзақ бұзақылық" бабымен жауапқа тартылады. Мұндай әрекеттер Көкшетау қаласында екі есеге жиілеген. 

"Құқық бұзушылықтар үш тәсілмен анықталады. Бейнебақылау жүйесі арқылы және патрульдік полицейлердің бақылауы негізінде. Кейде полиция қызметкерлері жетіспей жатады, сондықтан әлеуметтік желінің көмегіне жүгінеміз. Сәйкесінше тәртіп бұзғандарға қатысты әкімшілік іс қозғалады", – деді облыстық полиция қызметі басшысының орынбасары Ерболат Құсайынов. 

Тәртіп бұзушылықтарды анықтауда жергілікті тұрғындар да көмектеседі екен. Ал әкімдік өкілдері дәретхана мәселесін бірте-бірте шешуге уәде берді. Алдағы уақытта биодәретхана орнату бойынша кең көлемді шара қабылдамақ.

"Саябақта қоғамдық дәретхана бар, ол жеке кәсіпкерге тиесілі. Қазір оған қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы хабарлама жіберілді. Егер жұмысын жалғастырмаса, учаскені қайтарып алу бойынша сот процесі басталады. Қоғамдық шараларға арналған биодәретхана сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр", – деді Көкшетау қаласы әкімінің кеңесшісі Жанна Абдрахманова. 

Әкімдік алдымен 10 биодәретхана алмақшы. Қоғамдық дәретхана мәселесі үш рет талқыға шығарылған. Дегенмен бұл сұрақ әлі де өз шешімін таппады. 

Назархан Уән
Дүйсенбі, 13 Ақпан, 2023 09:16