Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түнімен көз ілмедім": Көпбалалы ана Арыстағы жарылыс кезінде жоғалтқан қыздарын тапты 

Арыс қаласында тұратын көпбалалы ана жарылыстардан кейін қыздарынан көз жазып қалған. Оны Шымкентке эвакуациялапты. Алайда ол үш қызының қайда екенін білмеген. 

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Балнұр Ерсұлтанова – 6 баланың анасы. Ол Арыстағы жарылыстардан кейін өзге тұрғындармен бірге Шымкентке жеткізіліп, ондағы мектептердің біріне орналастырылыпты. 

Төтенше жағдайға дейін оның үш қызы балалар лагеріне демалуға кеткен. Көпбалалы ана жарылыстардан кейін қыздарымен байланыса алмапты. 

«Олардың қандай күйде екенін білмедім. Түні бойы көз іле алмадым», - дейді ол.

Абырой болғанда, бүгін әйел қыздарының лагерьде жүргенін және аман-есен екенін білді. 

«Олармен хабарласа, көрісе алмадым. Әзірге ол жаққа баратын жолдар жабық», - дейді Балнұр Ерсұлтанова.

Еске сала кетсек, бұған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Арыста эвакуация кезінде жоғалған балалардың бәрі ата-анасымен қауышқанын хабарлаған еді.

Талқылау