Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт рет жасалған ота нәтиже бермеді": 9 жыл сәби сүйе алмаған отбасы ЭКО-ның арқасында қалай ұлды болғанын айтып берді

Мұқашевтер отбасы – "Аңсаған сәби" президенттік бағдарламасы бойынша ең алғаш ата-ана атанғандардың бірі. 9 жыл бойы сәби сүюді армандаған ерлі-зайыпты медициналық орталықтардың табалдырығын тоздыруға мәжбүр болғандарын жасырмады. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында жақында ұлды болған отбасының отанасы Дана Өмірбекова өмірінің ең қуанышты сәтімен бөлісті. 

– Сәбилеріңіздің бауы берік болсын! Әңгімемізді отбасыларыңыздан бастасақ. “Аңсаған сәби” бағдарламасына қатыспай тұрып, басқа медициналық орталықтардың көмегіне жүгіндіңіздер ме?  

– Өзім отбасында жалғызбын, ал күйеуім бес ағайынды. Тоғыз жыл бұрын отау құрдық. Дегенмен бір жылдан соң балалы болмағаннан кейін тексеріліп, ем қабылдауды жөн көрдік. Алдымен Алматыдағы мемлекеттік емханалардың біріне жүгініп, дәрігерлерге қаралдық. Сараптама шыққан соң түрлі екпелер алып, дәрі-дәрмектермен емделе бастадық. Алайда олардың ешқандай көмегі болмаған соң, ақылы түрдегі орталықтарға қаралуды ұйғардық. Ол да болмады. Дәрігерлер маған нақты бір диагноз қоя алмай, әрқайсысы әртүрлі болжамдар айтты. Кейін ЭКО жасатамыз деген оймен Алматы қаласының екі бірдей ақылы орталығына бардық. Ол жақтың мамандары бар кінәрат түтіктік фактор әсерінен екенін айтып операция арқылы жатыр түтігін аламыз деді. Операцияға дейін өзім жұмыс істейтін медицина орталығында сәл де болса, көмегі тиер деген ниетпен ине терапиясынан өткен едім. Профессор Жасан Зекейұлы инені өзі қойып, сол жерден үш курстық ем алдым. Бұл терапияның көмегі болмағанда ЭКО орталығындағылар жатыр түтігін алып тастайтын еді. Дәрігерлердің өзі таңғалып, барлығы табиғи орнында қалды. ЭКО бойынша ота жасалды. Осы бірінші ЭКО-ның нәтижесіне қатты үміттендік.  Алайда жасуша дұрыс болмағандықтан әрекеттеріміздің бәрі нәтижесіз болды, үмітіміз ақталмады. Қыруар қаражатты да аямадық. Төрт рет жасалған ота бір нәтиже бермеді. Бір түсінгенім қанша ақылы болса да, дәрігерлердің біліктілігі бар жерді таңдаған дұрыс екен. Өйткені соншама қаражатты ала тұра, жалған ем-шара қолданатын орталықтар бізде көп. Олардікі дұрыс емес!

– Бағдарлама туралы қайдан естідіңіз? Жүкті екеніңізді естігенде қандай сезімде болдыңыз? 

 Бағдарлама жайлы үш жыл бұрын естіп, квота бойынша кезекке тұрдық. Алайда біз секілді қаншама отбасының бар екенін біліп, өз күшімізбен ем алуға тырыстық. Кезегіміз келмеді. Барлығынан үмітіміз үзіліп, қиналған сәтте араға үш жыл салып "Аңсаған сәби" бағдарламасы басталған уақытта біздің кезегіміздің келіп тұрғанын естідік.  Ойламаған жерде емханадан хабарласып, бізді Репродуктивті медицина институтына жіберді. Басында әрине, қорқыныш болды. Себебі қаншама сәтсіз ем-шаралардан соң, сенудің өзі қиын екен. Дегенмен барлығы Алланың қалауы мен дәрігерлердің біліктілігінің арқасында деп білемін. Барлығы көзді ашып жұмғанша екі айдың ішінде өте шықты. Тіпті, өзіміз де байқамай қалыппыз. Ақпан айында ЭКО жасалды. Екі аптадан соң қуанышты жаңалықты естідік. Алғашында мүмкін емес деп сенбедік. Содан кейін УДЗ-дан (ультрадыбыстық зерттеу немесе УЗИ – ред.) өттік. Енді ол бақытты айтып жеткізу мүмкін емес! Барлық әйелге сол қуанышты сезінулерін тілеймін! Жүктілік кезеңі де жақсы өтті. Табиғи түрде ешқандай ауырсынусыз тоғыз айға дейін аман-есен жүріп босандым. Орталықтағы дәрігерлер телефон арқылы онлайн түрде жағдайымды әркез бақылап отырды.  

– Сәбиіңіздің есімін кім деп қойдыңыздар? Оның жағдайы қалай?  

– Ұлымның аты – Арман. Қанша жыл армандап күткен бала ғой деп және арманына жететін адам болсын деп екі атасы атын Арман қойды. Кеше ғана бір айға толып, дәрігердің қабылдауында болдық. Барлығы жақсы деді, өсіп келеміз. Бір аптадан соң Алла бұйыртса, қырқынан шығарамыз. Тойға дайындалып жатырмыз. Барлығымыздың төбеміз көкке жетіп, қуанышымызда шек болмай жүр!

– Шыны керек, мемлекеттік емханаларда емделу туралы халық арасында жағымсыз стереотип қалыптасқаны жасырын емес. Жалпы, өзіңіздің еліміздегі медицина саласына көңіліңіз тола ма?

– Өзім де медицина қызметкерімін. Қазір елімізде бұл сала күннен-күнге дамып келе жатыр. Міне, соның нәтижесін өз көзімізбен көріп отырмыз. Бұрын ЭКО арқылы туған баланың дені сау болмайды деген түрлі сөздер айтылатын. Бұның жаңсақ пікір екеніне енді көзім жетті. Еліміздің медицинасына көңілім толады. Өйткені осылай ЭКО арқылы балалы болып, артынан табиғи жолмен төрт-бес бала сүйген талай адамды көрдік. 

– Сәбилі болуды армандап жүрген қыз-келіншектерге айтар ақылыңыз бар ма?

– Бірінші кезекте жаман ойлардан аулақ болыңыздар. Тұрмысқа шыққаннан соң бір жыл ішінде сәбилі бола алмасаңыз, ем қабылдауға кірісіңіз, дәрігер мамандардың көмегіне жүгініңіз. Өзім де білместікпен тек гинекологқа барған кездерім болған. Олар енді барлығын толығымен зерттеп қарайды деп айта алмаймын. Сондықтан репродуктолог маманның толық тексерісінен өтіңіздер. Қазір мемлекетіміз біз секілді қиналған жандарға көп мүмкіндік беріп отыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастауымен осы "Аңсаған сәби" бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Жылына жеті мың квота береді дейді. Ол өте жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Себебі бұған дейін жылына тек 600 квота бөлінетін және оның кезегі келіп те болмайтын. Сондықтан барлық нәзік жандыларға ең бастысы сенім керек, сенімдеріңізді жоғалтпасыңыздар, барлығы да болады деп айтқым келеді.

Материалды дайындаған: Гүлсезім Мұхатай

Нұрсұлтан Нұрманбек
 

Талқылау