Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сиви Махмуди марқұм Жанар Хамитованың соңғы армандарын айтты

Танымал әнші Сиви Махмуди Жанар Хамитованың өлімінен кейін енді продюсер болмаймын деп бекінген. Жанармен бірге тұрып, жақын араласқан Сиви оның ешкім білмейтін арман-тілегін айтты. Бұл туралы әнші Stan.kz ақпараттық агенттігінің "Әңгіменің төресі" атты Youtube арнасындағы сұхбатында айтты. 

сиви

Жанар жан құрбыма айналып кеткен еді деген Сиви қазіргі таңда оны қатты сағынып жүргенін айтады. 

"Жанардан кейін продюсер болмаймын дейтін себебім, оны қатты сағынамын. Көбісі өтірік айтып жатыр дер. Бірақ олай емес. Мен Жанармен бірге тұрдым, гастрольдік сапарда бірге болдық. Ішкі сырымызды ақтарып, бауырдай араласқан соң өзім жасаған жобалардың ішінде ең ауыр тигені Жанар болды. Жанардан кейін ешқашан продюсер болмаймын деп өзіме уәде бердім. Өйткені ол адам жарты жолдан кетіп қалуы мүмкін, болмаса тұрмыс құрып кетуі мүмкін. Мен тез бауыр басып қалатын адаммын", - дейді Сиви. 

Жүрегі жұмсақ Сиви Жанардың о дүниелік болғанын әлі де болса қабылдай алмай жүргенін жасырмады. 

"Жанардың бұл өмірде жоқтығын әлі қабылдай алған жоқпын. Басқа жерде жүрген сияқты. Әлі де келетіндей сағыныш бар. Ол қайтыс болған соң ешқайда шыққан жоқпын, концерттер мен сұхбаттар бермедім. Себебі оған деген құрметім жоғары", - дейді ол. 

Бірге тұрған кездері арманын айтатын еді деген Сиви Хамитованың көпшілік біле бермейтін армандары жайлы сыр шертті. 

"Құдай қаласа Жанар екеуміздің армандарымызды орындаймын. Жанарға арнап концерт беремін. Жанардың бүкіл арманын білемін. Қаншасы айтылмай ішінде кетті. Мысалы, Қайрат Нұртас пен Төреғалидің әндерін тыңдатқан едім, күшті екен деп ұнатты. Бұдан алдын шет елде тұрғанда олардың әндерін тыңдамайды екен. "Төреғалидің әніне ғашық болдым, арманым - Төреғалимен танысу" деп айтатын. Оның әндерін жылап тыңдайтын. Қайратпен, Төреғалимен ән салсам деп жүргенде, өкінішке орай, бақилық болып кетті. Жанардың бір жылдық ән кешіне Қайрат пен Төреғалиді шақырып, ән салса деген ниетім бар", - дейді Сиви.

Сөз соңында Сиви Алматыда Жанардың құрметіне арнап ас берсем деген ниетін айтып қалды. 

Талқылау