Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев рахымшылық жасаған: "Қорғас ісі" бойынша сотталған Артықбаев пен Жақаев бостандыққа шықты

«Қорғас ісі» бойынша сотталған Алматы облыстық кедендік бақылау департаментінің экс-басшысы Құрманбек Артықбаев пен ҰҚК-ның бұрынғы қызметкері Талғат Жақаев бостандыққа шықты. Сот олардың өтелмеген жаза мерзімінің бір бөлігін айыппұл жазасына ауыстырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі  Zakon.kz порталына сілтеме жасап. 

Тоқаев рахымшылық жасаған:

Сурет: Талғат Жақаев пен Құрманбев Артықбаев/time.kz

Атышулы іске қатысы бар басты тұлғаларға қатысты сот шешімін Семей қалалық №2 сотының судьясы шығарды. 

Сот шешімі бойынша, сотталушылар жаза мерзімінің өтелмеген әр күні үшін 4 АЕК (10 100 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. 

«Жақаевтың өтелмеген мерзімі 8 жылдан асады, оған 2 миллион 4 мың теңге айыппұл салынды. Артықбаевтың өтелмеген мерзімі 5 жыл 7 ай 8 күн, яғни айыппұл көлемі - 1 миллион 289 мың теңге», - дейді ШҚО сотының БАҚ-пен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі Елдос Жұмақсанов.

Сонымен қатар Елдос Жұмақсанов Артықбаев пен Жақаевқа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 30 қыркүйектегі Жарлығымен рақымшылық жасалғанын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, «Қорғас ісі» бойынша тергеу 2011 жылы басталған. Сол уақытта қазақ-қытай кеден бекетінде үлкен дау шыққан еді. Анықталғандай, қытайлық тауар контрабандасына ҰҚК-дағы жауапты тұлғалар мен кеден қызметі қызметкерлерінің қатысы бар болып шыққан. 

Аталған іс сотта 2013 жылдың 20 маусымында қарала бастады. Іске қатысты 45 адам сотқа тартылды. Іс бойынша сот тыңдалымы 1 жылға созылып, 600 адам куәгер ретінде өтті. 

«Қорғас ісінің» фигуранттары «Экономикалық контрабанда», «Ұйымдасқан қылмыстық топ немесе ұйым құрып, басшылық ету, қылмыстық ұйымға қатысу», «Заңсыз жолмен қол жеткізілген қаржы немесе басқа да мүлікті заңдастыру», «Билігін теріс пайдалану», «Лауазымды өкілеттігін теріс пайдалану» баптары бойынша сотталған. 

Осылайша, қылмыстық топты ұйымдастырған Талғат Қайырбаев 16 жылға, ал оның сыбайласы Бақыт Отарбаев 13 жылға бас бостандықтарынан айырылды. ҰҚК-ның бұрынғы қызметкері Талғат Жақаев 17 жылға қамалды. Ал Алматы облысы бойынша кеден департаментінің бұрынғы басшысы Құрманбек Артықбаев 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Істің қалған фигуранттары 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге темір тордың арғы жағына жіберілді.

Талқылау