Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тобыр не берсең де жей береді": Ермек Тұрсынов талғамсыз көрермендерді сынады

Танымал қазақстандық режиссер Ермек Тұрсынов бүгінде телеарналарда сапасыз хабарлардың көбейіп кеткенін сынға алды. Дәлірек айтсақ, әзілге негізделген бағдарламалар режиссердің көңілінен шықпай жүр екен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Жас Алаш газетіне сілтеме жасап. 

Ермек Тұрсынов

Ермек Тұрсынов дәл бұлай сынауының үш себебі барына тоқталды. 

«Бұл тақырыпты неге қозғадым?  Сол хабарларды жасап жүргендерге: «Бауырларым, ойындарың осылып барады, ел көріп отыр ғой, қойсаңдаршы.  Ұрласаңдар да ұялмайтындай етіп жасасаңдаршы» деп тіке айтуға болар еді. Бірақ, қажеті қанша? Біріншіден, ешкім сөзіңді елемейді. Екіншіден, олардың еш кінәсі жоқ. Еттері өліп кеткендіктен тірліктерінің күлкілі екенін ұға қоймайды. Тіпті, түкке болмайтынды сөз етіп қайтесің деп өзімді келемеждеулері мүмкін. Үшіншіден, шығармашылық топқа « идеяны»  кәсіби мамандар шайнап беріп отыр. Өз деңгейлеріне сенімді болғандықтан олар  жұмыстарының тым сапасыз екеніне ешқашан сенбейді. «Тобыр не берсең де жей береді» деген ұстанымнан адасқан емес», - дейді ол. 

Десе де ол рейтинг үшін таласқандармен қызыл кеңірдек болғысы келмейтінін жасырмады. Сондай-ақ, өзінің теледидар арқылы өмір желісін айқындап отырғанын айтты. Бүгінгі таңда әрбір адамның мақсаты – ел көзіне көріну екенін де жасырмады. 

«Олардың мақсаты - экраннан түспейтін, танымал тұлға болу. Мұндай мақсат қуған адамдар күй буған саңырауқұр сынды ештеңені естімейді. Олар «N-нің» бәленшебайыншы көшірмесі екендерін қаперге алмайды, қысылмайды. Біреулердің жалған жетістігінің  сүрлеуіне түсіп кеткендерін де түсінгілері келмейді. Шынайы дүниенің  шарасыз көшірмелері. Фанера,  дыбыс жаңғыртатын жасанды ағаш.  Қасіреттісі – экрандағы тонналаған түкке тұрмайтын дүниелерді халықтың жиренбей қабылдай бастауы. Ендігі жерде оны жеңуіміз мүмкін емес шығар. Бұзылған астан көк дәмін кетіре алмайсың», - дейді ол. 

Талқылау