Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тірідей көміліп қалған: Шымкенттегі жұмысшының жағдайы белгілі болды

Дәрігерлер Шымкенттегі құрылыс нысанында тірідей көміліп қалған құрылысшының жағдайы туралы айтты. Оның жолы болып, топырақ үйіндісінен аман шығыпты, алайда басқа екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмған. Апатты оқиға 8 қараша күні тоғыз қабатты пәтердің құрылысы кезінде орын алған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
 Тірідей көміліп қалған: Шымкенттегі жұмысшының жағдайы белгілі болды

20 метр тереңдікті құрайтын іргетас шұңқырында бірнеше адам және эксковатор машинасы жұмыс істеп жатқан кезде, топырақ босап, құрылысшыларды басып қалған. Құтқарушылар дер кезінде тек бір адамды ғана шығарып үлгерген. 26 жастағы құрылысшыны дәрігерлер әрең дегенде аман алып қалыпты.

Біраз уақыттан кейін екінші жұмысшының денесі топырақ үйіндісінің астынан қазылып алынған, ал үш сағаттан кейін үшінші құрылысшы да өлі күйінде табылыпты. 

«Екі азамат оқиға кезінде көз жұмған. Олардың денесі медициналық сараптамаға жіберілді. Құтқару уақыты 5 сағатқа созылған», - деді Шымкент қаласының ТЖД басшының орынбасары Мадияр Жақсыбаев. 

Алдын ала болжамдар бойынша апат қауіпсіздік ережесін сақтамағандықтан болған. Оқиға салдарынан 54 және 47 жастағы Түркістан және Шымкент қаласының тұрғындары көз жұмған. Екеуінің артында да қайғырған отбасы қалыпты. 

Жұмыс беруші тараптың айтуынша, қауіпсіздік ережелері сақталған. Ұйымның құрылыс жұмыстарымен айналысып жүргендеріне 13 жылдан асыпты. Алдағы уақытта мемлекеттік еңбек инспекторлары оқиғанын мән-жайын анықтауға кірісіп кетті. 
 

Талқылау