Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Темір таяқпен ұрды": Алматыда науқастың туыстарынан таяқ жеген дәрігерлер не болғанын айтты

Алматылық дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан туысына кіре алмағандар тура аурухананың ішінде қырғын төбелес шығарып, медбикелерді темір таяқпен ұрып соққан. Бір емес, еңгезердей бес еркекке елуден асқан әйелдердің күші келмей жерге құлапты. Қазір әбден шошынып қалған қос қызметкер адуынды кісілердің үстінен арыз жазып қойыпты.

Сурет: «Еуразия бірінші арнасы»/скриншот

Таяқ жеу үшін емес, науқастарды емдеу үшін жүрген медбикелер осыдан бес күн бұрын болған оқиғаны әлі ұмыта алар емес. Олар адам жүрмек түгілі, шыбын ұшпайтын жансақтау бөлімінің есігін торауылдайды. Ішінде енді ғана отадан шыққан отыздан астам адам емделіп жатқан. Туыстарының жағдайын білмекке келген бес еңгезердей азамат мінез көрсетіпті. Тосқауыл болған медбикелерді тіпті темірмен ұрып, ішіне баса көктеп кірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап. 

«Қолында кәдімгідей темір таяғы бар. Сонымен төсімнен қатты ұрды да, жарақаттады.  Мен сол жерде құлап қалдым. Күзетшілерді шақырдым. Содан баса көктеп кіріп кетті. «Сендер малсыңдар, хайуансыңдар» деп әртүрлі сөздермен балағаттады», - дейді санитар Гүлжан Ибрагимова. 

Сөйтсе, адуынды ер азаматтардың алпыс жастағы әкелеріне ота жасалыпты. Дәрігерлер жансақтау бөлімінен бір күн бұрын шығаруы тиіс екен. Тек науқастың денсаулығы сәл нашарлап, жансақтау бөлімінде жанын сақтап қалуға арпалысқан. Оған сенбеген туыстары өз көздерімен кірмекке талпынған. Әйтпесе, дәрігерлер жақынының біреуін тек үстіне халат, бетіне бетперде тағып көруіне рұқсатын да беріпті. 

«Оларға басқаша ақпарат түскен бе, бізге сенбей ме, білмеймін. Медбикелерді тыңдамай, жансақтау бөліміне кіріп кеткен. Ол жансақтау бөлімінде 30-40 науқас жатады. Біздің аурухананың жансақтау бөлімі өте үлкен», - дейді №7 аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов.

Ақ халаттылар бұл бірінші рет емес дейді. Осыған дейін де талай медбикені орындықпен ұрғанда күзетшілер әрең арашалап қалған кездер болыпты. Тіпті дәрігерлердің айтқан диагнозына көне алмай, кабинеттерінің астаң-кестеңін шығарып кететіндер бар екен. Науқастардың жақындарына әбден түсіністікпен қарап шаршаған қызметкерлер осы жолы арыз жазған. 

«Бұл дерек Наурызбай ауданының полиция бөлімшесінде тіркелді. Полиция қызметкерлері сот медициналық сараптаманы шығаруды қаулы шығарып, қазіргі таңда сараптама нәтижелерін күтудеміз. Істің қай баппен сараланатыны белгілі болады», - дейді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Яғни жарақаттары жеңіл деп көрсетілсе, онда әкімшілік жазамен құтылмақ. Қылмыстық іс тек ауыр дәрежедегі жарақат болса ғана қозғалады. Бірақ ашуын басқан науқастың туыстары қайта-қайта медбикелерден кешірім сұрап әлек екен. Тек ақ халаттылар осы жолы басқаларға сабақ болсын деп мейірім танытулары екі талай. Бірақ алпыс жастағы қарияға әлі де ем көрсетуде. 

Талқылау