Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тек біздің елге тән дүние": Жамбыл облысында жас жұбайлар тойға тікұшақпен келген 

Жаз мезгілінде «қазақтың тойы бітпесін» деген тілек жиі айтылып, ел арасында «кім қалай таңқалдырады?!» деген жарыстың қыза түскен шағы. Бүгінде екі жастың үйлену салтанатында ұзын ақ-қара лимузинмен ешкімнің аузын аштырып, көзін жұмдыра алмайсың. Соны білгендей кейбір жастар көлікті былай қойып, тікұшақпен мейрамхана алдына қонатын болған.

Ашық деректерде жарияланған ақпаратқа қарағанда, видео жамбылдық жас отаудың мейрамханаға келу сәтінде түсірілген. 

 

Алты бала өсіріп, 30 немере, 15 шөберенің қызығын көріп отырған Зәбира әже осы күнге дейін 12 үлкен той өткіздім дейді. Қазақтың салтымен, жөн-жоралғысын толық орындасақ та мұндай қамдамға бару әулетінің ойында да болмапты, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы»

«Негізі сондай бар екен деп көп шығынға батпай, оның орнына медреселерге көмектесіп, жетім балаларға көмектессе, әрі сауап, әрі балаларға көмек деп ойлаймын. Сондай шығынға батып, сондай той жасап жатқаннан кейін, қазіргі уақытта жанұялар айырылысып кетіп жатады. Оған не себеп екенін қайдам?  Әуелде бір-бірін сүйіп қосылады ғой», - дейді көпбалалы ана Зәбира Айдосова.

Психолог Балабек Сақтағанов бір-бірінен асып түсемін деп жарысу тек біздің елге тән дүние екенін айтады. Айтып-атпай не керек, жағдайың келіп тұрса, құдалардың алдына қолтырауынның басын тартсаң да өзің білесің. Бірақ қалтасы көтермейтіндердің сонша шашылғанын түсіну қиын екенін айтады. 

«Өмірімдегі бір-ақ рет болатын тойым, сондықтан барымды салуым керек. Басқа адам айту керек», - деген қысқа түсініктен осындай әрекеттер туып жатады. Әрине, біреудің жасап жатқан әрекетін қызғанбайсың ғой, әркім өз қалтасынан шығарады. Кейде шамасы жетпейтін адамдардың бір рет секіріп қалу үшін, бір рет өзін көрсетіп қалу үшін үлкен әрекеттерге баруы, сол жағдай, сол той өткеннен кейін өзінің кейінгі жағдайын, несиеге алған қаржының, қарызға алынған қаржының өтелу зардаптарын ескермеуі осындай жағдайларға әкеліп жатады», - дейді психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов.

Құран Кәрімде, асыл дінде бұл жайлы не дейді? Наиб имам Бақытжан Өткелбаевтың айтуынша, шамадан тыс ақша мен дүние шашу қашан да құпталмаған. 

«Құран Кәрімнің аяттарында «Шүкіршілік етіңдер, бірақ күпіршілік етпеңдер. Шүкіршілік етпеңдер несібелеріңді арттыра беремін» делінеді. Және Алла Тағала ысырапшылықты сүймейді. Ата-бабаларымыз да бұл туралы айтқан, мән берген. Әрбір нанның дақылын ысырап етпеуге, соны шашпауға тәрбиелеп, үгіттеп отырған», - дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев. 

Естеріңізде болса қазіргі президент, сенат төрағасы болып тұрғанда аста-төк той жасау жайында пікір білдірген еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сол уақытта «Твиттердегі» парақшасына былай деп жазған.

«БАҚ-та жазылған той жөніндегі пікірталасты қолдаймын. Той мен салтанатты шаралардың форматын өзгерту керек. Кереметтей өткізіп, ысырапшылық етуді тоқтату керек. Өзбектерден, түріктерден, түрікмендерден үлгі алу керек. Тойды ұлттық дәстүрге сай жасағанымыз жақсы».

Тойға я болмаса мереке жиынға қыруар қаржы шашып қуанышты жарысқа айналдырғандарды заңды түрде жазалау керек пе? Мысалы, көрші Өзбекстан мен Түрікменстан басшылығы ас та төкке тыйым салып жатқаны белгілі. Бұған қарап ескеретін-ақ жайт екен деген ойға қаласың.

Талқылау