Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәулігіне 50 теңге: СҚО-да медициналық орталықта пациенттерден розетканы пайдаланғаны үшін ақша талап еткен

Солтүстік Қазақстан облысындағы кардиологиялық орталықта пациенттерден электр розеткасын пайдаланғаны үшін ақша алып келген. 

Тәулігіне 50 теңге: СҚО-да медициналық орталықта пациенттерден розетканы пайдаланғаны үшін ақша талап еткен

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Хабар» арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Орталықта ем мен дәріге онсыз да біраз ақша жұмсап жатқан азаматтарды бұл жағдай ашуландырған. 

Орталыққа 2 апта бұрын түскен Диана Құлмағанбетова аурухана қызметкерлерінің телефонын қуаттандырғаны үшін ақша сұрағанын айтады. Тіпті, бағалар анықтамалығын алып келіп, онда электр розеткасын пайдаланғаны үшін тәулігіне 50 теңге төлейтіні көрсетіліпті. Алайда қыз түбіртек талап еткеннен кейін, қызметтер тегін болып шыға келген. 

«Артынша менімен бір палатада жатқан қыздармен сөйлестім. Олардан да ақша талап етіпті. Оларға ақысын төлемейінше, денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық қағазын бермеген көрінеді. Алайда ақша төлегенімен, түбіртек бермепті», - дейді Диана Құлмағанбетова. 

Ал орталықтағылар мұндай ақылы қызмет түрлері заң бойынша бекітілгенін айтады. Розетканы пайдалану кепілдендірілген тегін медициналық көмек қызметтерінің қатарына кірмейді екен. Осылайша, мемлекеттік клиника электр қуатының шығындарын жабатын көрінеді.

Сондай-ақ, орталықтағылар пайдаланылған ақылы қызмет түрлерінің ақысы төленгеннен кейін түбіртек берілетінін атап өтті. 

Ал Диана Құлмағанбетоваға неліктен түбіртек берілмегені түсініксіз. 

Ал заңгерлер мемлекеттік мекемелерде электр розеткаларын тегін пайдалануға тыйым салатын ереже жоқ дейді.

«Мұндай ереже жоқ. Егер мұндай талап болса, оны тереңдету керек. Яғни дәліздегі жарық, түнгі уақытта баспалдақ аумақтарында жарық берілгені, лифтіні, суық суды пайдаланғаны да ақылы болу тиіс. Ал келісімшарт қызмет көрсетілгенге дейін ұсынылуы керек. Тараптардың қолымен бекітілуі қажет», - дейді облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Алексей Шипп.

Талқылау