Татарстан соты қазақстандықты ресейліктерге "өшпенділік тудырды" деген айыппен 12 тәулікке қамады
Фото: vzsar.ru
Татарстан соты қазақстандықты орыстарға "өшпенділік тудырды" деген айыппен 12 тәулікке түрмеге қамады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі idelreal.org басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Татарстанның Лайшев аудандық соты жергілікті тұрғын және Қазақстан тумасы Роман Краевскийді "өшпенділік немесе араздық тудыру, адамдық ар-намысты қорлау" баптары бойынша кінәлі деп тапты. Оны 12 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім қабылдады.
Іс материалдарына сәйкес, Краевский "Фёдор Климов" деген лақап атпен "ВКонтакте" әлеуметтік желісінде "экстремистік мазмұндағы" үш хабарлама жариялаған (олардың мазмұны сот шешімінде көрсетілмеген). Лингвистикалық сарапшы "ұсынылған материалдарда ұлтына қарай орыстарға қатысты адамдық қадір-қасиетті қорлаудың тілдік белгілері бар" деген қорытындыға келген.
Әкімшілік іс қозғалған кезде Краевский Ресей Конституциясының 51-бабына (Ешкім өзіне, жұбайына және жақын туыстарына қарсы куәлік беруге міндетті емес) сәйкес түсініктеме беруден бас тартты. Сотта ол шынында айыптайтын жазбаларды жариялағанын айтты. Бірақ кінәсін мойындамады. Краевский "бұл жазбалар орыс халқына зиян келтірмейді, өшпенділік тудырмайды, өйткені ол орыс халқын қорғап сөйледі, өзін орыс халқының бір бөлігімін деп санайды" деп түсіндірді. Ер адам лингвистикалық сараптаманың қорытындысымен де келіспеді.
"Пайдаланушының "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында экстремистік контентті жария көрсетуі жалғасатын құқық бұзушылық. Осы құқық бұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартудың бір жылдық ескіру мерзімі Экстремизмге қарсы күрес орталығынан тексеру материалдары прокуратураға келіп түскен күннен бастап есептеледі. Көрсетілген бір жылдық талап қою мерзімі аяқталмаған", – делінген сот хабарламасында.
Татарстанның Лайшевск аудандық соты Краевскийді кінәлі деп тауып, 12 тәулікке қамауға алды. Ер адам Татарстанның Жоғарғы сотына шағым түсірген. 17 сәуір күні Жоғарғы сот төменгі соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды.
Айта кетейік, бұған дейін Беларусь азаматы Қазақстанда ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін 2 жылға сотталған еді. Әйелдің ісін украиналық блогер әшкерелеуге көмектес
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады