БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Не сулары жоқ": Таразда шатыры жанып кеткен үй тұрғындары әлі жылап жүр

Тараздағы шатыры жанып кеткен көпқабатты үй тұрғындары әлі баспаналарына кіре алмай жатыр. Себебі пәтерлерді ыс басқан. Сондықтан онда тұру мүмкін емес. Мұның үстіне нысан толықтай коммуналдық қызметтен ажыратылыпты. Қазір тұрғындардың көбі туыстарын жағалап кетсе, кейбірі мектептерге жайғастырылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агеттігі КТК арнасына сілтеме жасап.  

Тараз өрт

Кеше Тараздағы «Қарасу» ықшам ауданындағы көп қабатты үйдің шатырынан өрт шығып, тұрғындарды әбден састырды. Жанұшыра айғайлаған жұрт әзер дегенде далаға қашып үлгерген.

Төтеншеліктердің мәліметінше, 171 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Оның 42-сі балалар. Құдай сақтағанда зардап шеккендер жоқ.

"Не сулары жоқ. Атасының басын бітіріп тұр ма? Шатырдың жанып жатқанына төрт сағат болды ғой. Әлі өшірген жоқ. Үйдің бәрі жанып бітетін болды", - дейді сансоғып қалған үйдің тұрғындары.  

Тұрғындардың жүйкесінің сыр беруі бекер емес. Себебі от баспаналарға түсе ме деген қауіп болды. Ал өртті өршіткен битум. Шатыр астындағы қара майды сөндіру оңай болмаған. Жалын үш жарым сағатта әзер ауыздықталды. Алайда тұрғындар үйлеріне сонда да кіре алмаған.  

"Үйдің бәрі ыс сасып кеткен. Кішкентай бала шағамыз бар. Бұған енді қандай көмек болады. Әкімдіктер қайда? Шулаған бұқара таңнан бері осында жүр. Тіпті кейбірі рәсуа болған дүниесін жинап кетіп жатыр", - деп зарын айтты Тараз қаласының тұрғыны Мұрат Абдиманапов.

Жұрттың жанына батқаны: баспаналарға от тимегенімен, төтеншеліктердің суы үшінші қабатқа дейін аққан. Соның салдарынан жиһаздар, тұс қағаздар, көрпе-төсек малмандай су болған. Осылайша шығынға баттық деген бұқара өтемақы беруді талап етіп отыр.

Бірақ оқиға орнына келген қала әкімінің өзі бұған қатысты тұшымды жауап бере алмады.

"Ештеңе айта алмайын. Қолыма құжат түскен жоқ. Тексереміз, акт болады. Содан  кейін айта аламыз. Ең бірінші жұмыс  шатырды жабу. Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз. Оны мамандар анықтауда", - дейді Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев.

Ал зардап шеккен 170 тұрғынға жақын маңдағы мектептерден , жатын орын қарастырылып, сол жерде ас-су беріліп жатыр. Айта кетейік, шатыры өртенген үй 4 жыл бұрын жөндеуден өткен.  

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр