Таразда балабақшада тәрбиешінің көмекшісі баланың басын сөмкемен ұрып, жарған
Фото: Видеодан скрин
Таразда бес жасар баланың басын жарған тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан шығарылады. Әйел баланы сөмкемен ұрып, басына жарақат салған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған жағдай қаладағы балабақшалардың бірінде кешкі серуенге дайындық кезінде болған. Желіде тараған видеода тәрбиеші көмекшісінің балаға бір нәрсе айтып тұрғаны, кейін сөмкемен қатты ұрғаны анық көрінеді. Нақты қандай жағдай болғаны тергеу барысында анықталмақ. Қазір бала өзін жақсы сезінеді. Ал әйел оқиғадан кейін бірден еңбек демалысына кеткен.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, оқиғаға байланысты әдіскер қызметінен босатылған. Еңбек демалысынан шыққан соң тәрбиеші көмекшісі де жұмыстан шығарылмақ. Ал сол сәтте қасында болған тәрбиешіге қатаң сөгіс жарияланды.
Жамбыл облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова:
“Тараздағы балабақшалардың бірінде тәрбиеленушіге дене жарақатын келтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір барлық қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды, куәгерлерден жауап алынып жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталуда, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші баланы тұншықтырып, ұрып-соққан.Аталған жағдай мекеменің бейнебақылау камерасына түсіп қалғаны туралы жазған едік. Кейін бүлдіршінді тұншықтырып, ұрып-соққан тәрбиеші сотталды.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік