Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Болашақ ұрпаққа әсер етеді": Жас отбасы үйленбей тұрып медициналық тексерістен өтудің пайдасы туралы айтты

Қазақстанда жастардың үйленер алдында медициналық тексерістен өтуін заңды нормаға айналдыру мәселесі талқылануда. Денсаулық сақтау министрлігі мұның себебін елде дертке шалдыққан балалар санының артуымен байланыстырды. Дегенмен депутаттар бұл ұсынысқа қарсылық білдіріп, адам құқығын аяқ асты ету деп сынаған. Алайда қазірдің өзінде елде отбасын құрмас бұрын тексерістен өтетін жастар аз емес. Stan.kz тілшісі осындай жас отбасымен тілдесіп, үйленбей тұрып денсаулығын жіті тексертудің пайдасы туралы сұрап көрді. 

медтексеріс

Ұлдана Бекболова мұғалім болып жұмыс істейді. Ал жұбайы құқық қорғау органында қызмет етеді. Жас отбасы бүгінде қыздарын тәрбиелеп отыр. Ұлдананың айтуынша, шаңырақ көтермей тұрып медициналық тексерістен өту туралы шешімді жұбымен бірге қабылдаған. 

"Үйленбей тұрып 2-3 ай бұрын ғаламтордан түрлі ақпарат оқыдық. Шетелдік мамандардың кеңестерін саралай келе медициналық тексеруден өту туралы ұсыныс білдірдім. Ал жұбайым мұны қолдады. Арада түсініспеушілік, бір-біріне сенімсіздік таныту секілді мәселелер туындамады", – дейді ол. 

Өз сөзінде Ұлдана медициналық тексерістен өтудің пайдасы туралы да айтып өтті. 

"Мысалы, мен медициналық тексерістен өтпей тұрып ағзама Д дәруменінің жетіспейтінін, қанымның аз екенін, тіпті кей гормондардың дұрыс емес екенін білмеген едім. Бұған дейін мұндай тексерістен өтіп көрмегенмін. Ал жұбайымның денсаулығында күйзеліске байланысты мәселелер бар екені анықталды. Бұдан кейін денсаулығымызды қолға алып, бұл мәселелерді жою үшін дәрумендер ішіп, ем қабылдауды бастап кеттік", – деп қосты Ұлдана. 

Ұлдана медициналық тексерістен өту ұзақ уақытты алады және қымбат деген пікірдің шындыққа жанаспайтынын айтады. 

"Денсаулықты тексерту Қазақстанда қымбат немесе ұзақ уақыт керек деген пікірді жоққа шығарғым келеді. Менің сараптамаларымның нәтижесі 1 аптаның ішінде дайын болды. Жұмыста жүргенде тексерістен өту үшін емханаға таңертең немесе кешке барып жүрдім. Бірақ жолдасымның қызметіне байланысты тексерілуге көбірек уақыт керек болды. Әйткенмен тіркеуде тұрған емханаға барса, сараптамалардың басым бөлігін тегін тапсыруға болады. Емханада жоқ сараптама түрлерін ақылы негізде тапсыруға тура келді. Дегенмен бағасы қолжетімді, қымбат деп айтуға да келмейді", – деп түсіндірді жас мұғалім. 

Ұлдана отау құратын жастарға міндетті түрде медициналық тексерістен өтуді кеңес ететінін айтады. Себебі бұл тек жастардың денсаулығына ғана емес, болашақ ұрпаққа да әсер етеді дейді. 

"Қазір мені қоршаған жандарға, туыстарыма, достарыма үйленбей тұрып медициналық тексерістен өтуді насихаттаймын десем болады. Өйткені мұның пайдасы тимесе, зияны жоқ. Керісінше денсаулығыңдағы, ағзадағы өзгерістерді білесің. Егер қандай да бір мәселе туындаса, отау құрғанға дейін немесе бала жоспарлағанда мұны алдын ала жоюға мүмкіндік аласың", – дейді ол.

Жақында еліміздің денсаулық сақтау министрлігі заңға өзгеріс енгізіп, мұнда отау құрардан бұрын толық медициналық тескерістен өту туралы бөлім енгізетінін хабарлады. Ұлдана министрліктің бұл бастамасын қолдайтынын жеткізді. 

"Әрине, министрліктің бұл бастамасы орынды деп есептеймін. Қазіргі уақытта статистикаға көз жүгіртсек, жастар арасында бедеулік дендеп келеді. Бұл мәселені экологияның нашарлауымен байланыстырса да, белсіздіктің себебі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан жастар уақытылы денсаулығын тексертіп тұрғаны абзал", – деп сөзін аяқтады Ұлдана. 

Терапевт Ақмарал Құрманбек көптеген инфекция алдын ала тексерілмеу салдарынан туындайтынын баса айтты.

"Үйленген соң бала сүйе алмау, ЖИТС инфекциясының бір-біріне берілуі, жыныстық инфекциялардың жұғуы алдын ала тексерілмеудің кесірінен болады. Сондықтан болашақ ананың, дүниеге келетін сәбидің келешегі үшін маңызды. Мәселен, анадан балаға берілетін цитомегаловирус деген бар. Егер бұл инфекция ананың қанында болса, бала сал болып тууы мүмкін. Соңғы уақытта елімізде церебральды сал ауруымен дүниеге келетін балалардың саны артқаны ешкімге жасырын емес. Ал уақытылы тексеріліп, денсаулықтағы ақауды жойса, балада туындауы мүмкін патологиялардың алдын алады", – деді дәрігер.

Назархан Уән
Сейсенбі, 27 Маусым, 2023 14:42