Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандағы балабақшаларда 15 мыңға жуық тәрбиеші тапшы

Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 15 мыңға жуық тәрбиеші жетіспейді. Бұл туралы ОКҚ-де өткен брифингте Оқу-ағарту министрлігі Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамова айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Бүгінгі таңда 15 мыңдай тәрбиеші жетіспейді. Бірінші себеп – жалақының аздығы. Жалақы аз болғаннан кейін де жас мамандар қызығушылық танытпайды. Мектеп алдындағы даярлық сыныптарында тәрбиеші болып жұмыс жасап, тәжірибе жинаған соң мектепке жұмысқа ауысып жатқандар бар. Себебі оларда айлық жоғары. Сондықтан мұның барлығы жалақының аздығына байланысты”, – деді Оқу-ағарту министрлігі Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры Манара Адамова. 

Министрлік өкілінің сөзінше, еліміздің барлық аймағында балабақша тәрбиешісіне сұраныс көп. 

“Балабақша қай жерде көп сол жерде тапшылық туындап отыр. Көбінесе Түркістан облысы, Астана қаласы, Алматы облысында тәрбиешілер жетіспейді”, – деді Манара Адамова.  

Сонымен қатар Ерте жастағы балаларды дамыту институтының директоры ата-аналар тарапынан қазақ тілді балабақшаларға сұраныс артқанын атап өтті. 

“Елімізде бүгінгі таңда 11 104 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішіне балабақшалар, мектепке дейінгі білім беру  орталықтары кіреді. Онда 1 миллионнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Оның 70 пайызы қазақ тілінде, қалған 30 пайызы аралас тілде білім береді. Аралас топтарда 217 мыңнан астам бала бар. Бүлдіршіндердің басым бөлігі қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшаға барады ”, – деді министрлік өкілі. 

Бақытнұр Шерикбай
Сейсенбі, 21 Ақпан, 2023 12:39
Талқылау