Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді - ТЖМ

Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға өтемақы қалай төленетінін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жергілікті бюджетте төтенше жағдайларға арналған қаражат көзделген.

"Егер үй су басқан жағдайда, өтініш бойынша өтемақы алуға өтінім қаралады. Егер жергілікті бюджет қаражаты жеткіліксіз болса, онда қосымша қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді", – деді Күлшімбаев.

Залалды бағалайтын арнайы комиссия құрылады, содан кейін өтемақы төленеді.

Оның айтуынша, су басу ықтималдығы жоғары өңірлер – Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында эвакуациялық пункттер ұйымдастырылған.

"Су тасқынын бөгеу үшін 13 мыңға жуық қапшық төселді, жеке құрамның төрт жүзден астам қызметкері мен 71 бірлік техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, Түркістан облысының көмегіне Шымкент гарнизонының күштері мен құралдары жіберілді. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды, 200-ден астам адам эвакуацияланды, оның ішінде 111 бала туыстарына орналастырылды. Қазір олар үйлеріне қайтуда",-деп атап өтті вице-министр.

Құтқарушылар сондай-ақ азаматтарға өз аула аумақтарын қардан уақытылы тазарту, арықтарды қоқыс пен мұздан тазарту қажеттігін еске салды.

Қырмызы Скендирова
Дүйсенбі, 06 Ақпан, 2023 13:20