Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Студенттер түрлі ауруға шалдығып жатыр": Депутаттар мәйітханалардың жағдайы туралы мәселені көтерді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қазақстандағы мәйітханалардың жағдайы туралы мәселе көтеріп, Әділет министрі Марат Бекетаевқа сауал жолдады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.  

Alt

«Депутаттық сауалымызға еліміздің сот-медициналық қызметінің мүшкіл жағдайы негіз болып отыр. Сот сараптамасы – қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқық бұзушылық материалдарын зерттеу. Жыл сайын құқық қорғау органдары мен соттар тарапынан сот сараптамасына сұраныс артып келеді. Парламент Мәжілісінің депутаттары осы мәселені бірнеше рет көтеріп, бұл қызметтің мәселелері туралы сауалдар жолдаған. 2018 жылғы қаңтардағы Үкімет сағатының қорытындысында әкімдіктерге сот-сараптамалық зертханаларды және оған жарайтын ғимараттарды Әділет министрлігінің балансына беру туралы ұсыныс жасалған. Ұсыныстар толық орындалмады. Көптеген өңір бұл маңызды мәселені шеше алмаймыз деп жауап берді», - деп айтты Аманжолова. 

Депутат осы себепті сот-медициналық мәйітхана ғимараттарының қазіргі санитарлық және материалдық-техникалық жағдайы талаптарға сай келмейтінін атап өтті. 

«Мәйіттік материалдар жөндеуге келмейтін ескі ғимараттарда сақталады. Осыдан бөлмелердің іші көгеріп, түрлі патогендік микрофлорамен ластанады. Бұл қызметкерлерді ғана емес, медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерін де түрлі ауруға шалдықтырады. Бұған қоса ондай жағдай сот сараптамаларының сапасына да әсер етеді», - деп айтты депутат. 

Бүгінгі таңда 20 өңірлік бөлімшенің көбінің жағдайы мүшкіл. Мысалы, Алматыдағы сот-медициналық мәйітхана ғимараты 1915 жылы салынса, Нұр-Сұлтандағы, сондай-ақ бірқатар облыстағы ғимарат 1953-1954 жылдары салынған.

Аманжолова республиканың барлық өңірінде сот-медициналық сараптама бөлімшесі бола бермейтінін атап өтті. 

«Сол себепті Маңғыстау облысына қайтыс болғандардың мәйіттерін Бейнеу, Маңғыстау ауданынан әкелуге мәжбүр. Ал Павлодар облысында екі бөлімше ғана бар, бірі – Екібастұзда, екіншісі – Ақсу қаласында. Бүгінде сот медицина бөлімшелерінің бәрінде кадрлар тапшы. Алты мемлекеттік медициналық ЖОО-ның тек екеуі сот-медициналық сарапшыларды дайындайды. Бұл қызметтің жұмысы қажетті деңгейде жүргізілмей жатыр», - деді депутат Мәжіліс отырысында.

Депутаттар осы мәселеге қатысты келесідей ұсыныстарын айтты: жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, заманауи зертхана құрылғысымен және тоңазытқыштармен жабдықталған жаңа ғимараттар салу мәселесін қарастыру; барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, қолданыстағы ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізу; сот және сот-медициналық сараптама саласындағы мамандарды даярлайтын және қайта даярлайтын білім беру бағдарламаларын қайта қарау; ауылдық жерлерде жұмыс істейтін азаматтардың әлеуметтік жағдайын жасау, яғни жәрдемақы мен баспана бөлу мәселелерін қарастыру.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр