Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот төрағасы әнші Гауһар Әлімбекованың қамаудан босауына қатысты түсініктеме берді

Бүгін 6 жылға сотталған әнші, сазгер Гауһар Әлімбекова сот үкімі күшіне енгенше қолхатпен қамаудан босатылды. Алайда осы жайттан кейін қоғамда түсінбестік туындаған. Осыған байланысты Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының төрағасы мән-жайды түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz.

Гауһар Әлімбекова

Соттың түсіндірмесін Дияс Махамбетов есімді сот қызметкері Facebook желісінде жариялады. Сөз алдында ол жазбаның тек Алмалы аудандық сотының судьясының процестік ұстанымы бойынша әзірленгенін және Алматы қалалық сотының, яғни апелляцияның ұстанымын білдірмейтінін атап өтті.

«Ағымдағы жылғы 30 қаңтарда Алматы қалалық Алмалы аудандық сотының үкімімен Гаухар Әлімбекова алаяқтық, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен сенімді теріс пайдалану жолымен аса ірі көлемдегі бөтеннің мүлкін жымқырғаны (ҚК-нің 190-б. 4-б. 2-т.) үшін кінәлі деп танылды. Оған 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Прокурор оған 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Судья Әлімбекова мен Ордабаеваның зардап шеккендердің залалын өтемегендігін, жәбірленуші тараптың пікірін және жасалған әрекеттің ауыр қылмыстар санатына жатуын бас бостандығынан айыруға негіз ретінде таныды.

Әлімбековаға қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы үкім шыққаннан кейін өзгертіліп, ол қамауға алынды. Жазаны өтеу мерзімі 2019 жылғы 30 қаңтардан бастап есептеледі.

Бұған қоса, сот Әлімбековадан жәбірленуші Назарованың пайдасына азаматтық талап-арыз тәртібімен 14 151 400 теңге (40 000 АҚШ доллары) көлемінде материалдық залал өндірді. Бұл сомадан жәбірленуші тарапқа Әлімбекованың бұған дейін 1 075 000 теңге төлегені ескерілді.
Осы үкіммен және ҚК-нің аталған бабына сәйкес Феруза Ордабаева да кінәлі деп танылды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңының кәмелетке толмаған балалары бар әйелдерге жазаны азайтуды көздейтін талабына сәйкес оған түпкілікті 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның тәрбиесінде кәмелетке толмаған екі баласы бар.

Ордабаеваға бұрынырақта осыған ұқсас қылмыстық құқық бұзушылықтар (барлығы 35 эпизод) жасағаны үшін тағайындалған 2 жыл 7 ай бас бостандығынан айыру жазасы жоғарыдағы жазаның құрамында есептелді.

Сотталғандарға жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу туралы үкім шықты», – делінеді жазбада.

Сонымен  қатар жазбада Гауһар Әлімбекованың үстінен қозғалған істің мән-жайы баяндалды. Онда сотталғандардың алдын ала сөз байласып, жәбірленуші Назарованың ақшасына заңсыз иелік етпек болғандары жөнінде келіскені көрсетілген.

«2011 жылы Әлімбекова Ордабаеваны Назаровамен таныстырған. Осыдан соң сотталғандар алдын ала сөз байласып, алдау арқылы Назарованың ақшасын заңсыз иелену туралы келіскен.

Әлімбекова 2013 жылдың қаңтарында Назарованың үйінде оған өзінің әкімдікте танысы барын және ол құрбысының баласының атына Алматыда 3 бөлмелі пәтер алып беруге көмектесе алатындығын хабарлаған. Әлімбекова бұл жоспарды оның танысы Ордабаева арқылы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» арқылы жүзеге асыратындығын айтқан. Осы үшін Назарова Әлімбекова арқылы 40 мың АҚШ долларын беруі қажет болған және бұдан басқа ештеңе талап етілмеген. Назарова пәтер алуды көздеп, алданып қалғанын білмей, ұсынысқа келісімін берген.
2013 жылдың маусымында Назарованың ұлы Тәкенов Әлімбекованың пәтерінде тұрғын үй сатып алу үшін оған 14 мың АҚШ долларын берген.

Бұдан соң 2013 жылдың 4 қыркүйегінде Әлімбекова мен Тәкенов Ордабаевамен кездескен. Ордабаева өз кезегінде Тәкеновке 684 мың теңге берген. Ол бұл ақшаны шарт жасасу үшін құрылыс компаниясының кассасына төлеуі қажеттігін ескерткен. Мұны Тәкенов орындаған.
Сол күні алдын ала жоспарлау арқылы Ордабаеваның нұсқауымен құрылыс компаниясы мен Тәкенов арасында Алматы қаласындағы «Ақкент» шағын ауданындағы үш бөлмелі пәтерді сатып алу туралы келісім-шарт жасалады.

Әлімбекова Тәкеновпен бірге барып, оны сыртта күтіп, Ордабаеваға беру үшін жасалған келісім-шарттың көшірмесін Тәкеновтен алады. Алайда, Әлімбекова мен Ордабаеваның алдауына түскен Тәкенов қол қойған келісім-шартты оқымаған. Тәкенов келісім-шартқа қол қоя отырып, пәтерді меншігіме алдым деп ойлаған, алайда келісім-шартта бөліп төлеу талабы жазылған.

Сотталушылардың айтқанына алданған Назарова 2013 жылдың қараша айында Әлімбековаға қалған соманы – 23 мың АҚШ долларын береді.

Жәбірленуші Назарова мен куәгер Тәкеновтің жауаптары жүйелі түрде бір жерден шығып, басқа да дәлелдермен сәйкес келді. Назарова сотқа дейінгі тергеуде және сотта пәтер алып беремін деп алдаған Әлімбекова екенін бірнеше рет айтқан. Ол ақшаны Әлімбекованың қолына берген, өз кезегінде Әлімбекова барлық құжаттарды рәсімдеуге Тәкеновті бірге ертіп барған. Назарова Әлімбекованың ақшаны әрі қарай Ордабаеваға берген-бермегенін көрмеген.

Бұл мән-жайлар Ордабаеваның сотқа дейін тергеуде берген жауаптарымен сәйкеседі және сот тарапынан шынайы деп танылады. Осы жауаптарға сәйкес Ордабаева Әлімбековадан 40 мың АҚШ долларын алған.

Аталған соманың жәбірленушіде болғандығы оның банктен несие алғандығы туралы құжаттарымен және куәгерлердің жауаптарымен дәлелденді.
Тәкенов пәтер кілтіне 2013 жылғы 4 қыркүйекте қол жеткізген. Бөліп төлеу арқылы пәтерді сатып алу туралы шарт талаптарын орындамауына байланысты ол 2015 жылғы 23 қыркүйектегі сот шешімімен үйден шығарылған.

Әлімбекова бұл жағдайды Тәкеновтен естіп білген соң, онымен келісе отырып, 2015 жылдың тамызынан 2016 жылдың мамырына дейін оған ай сайын 100 мың теңгеден, жалпы сомасы 1 млн. 75 мың теңге ақша берген. Осы ретте ол мәселені кейінірек шешуге уәде беріп, бұл жағдайды анасына айтпауын өтінген. Әлімбекова Тәкеновке ақша беруді тоқтатқан соң ол мұның барлығын анасына жайып салған.

Назарова мен Әлімбекованың арасындағы телефон әңгімелерінің сотта зерттелген жазбаларына сәйкес Әлімбекованың Назароваға ақша қарыз екендігі және оны қайтаруға міндеттенгендігі анықталды. Осы ретте ол 40 мың АҚШ долларын Ордабаеваға бергендігін айтқан».

«Іс бойынша сұрау салу барысында Әлімбекова мұндай мәмілені жасамадым және ақшаны алмадым деп мәлімдеген. Алайда, зерттелген дәлелдемелер Әлімбекованың «Назарова мен Ордабаеваны таныстырмадым, ақшаны иемденуге қатысым жоқ» деген жауаптарын жоққа шығарды.

Сот жәбірленушіге Ордабаеваның шын мәнінде мемлекеттік бағдарлама бойынша көзделген сомаға пәтер рәсімдеу мүмкіндігі жоқ екендігін біле тұра Әлімбекованың жалған мәлімет бергендігін назарға алды. Сот ұрланған ақшаны Әлімбекованың алғандығын дәлелдеді.
Тәкеновті пәтерден шығарып жіберген соң Әлімбекова жәбірленушілерге қарызын мойындап, оны төлеуге міндеттенгендігі де назарға алынды», – делінеді сот төрағасының түсіндірмесінде.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда сот үкімі заңды күшіне әлі енбегені айтылды. Процестік заңға сәйкес, Алматы қалалық сотының апелляциясында сот үкіміне қатысты шағым түсірілуі мүмкін.

Еске сала кетсек, бұған дейін 6 жылға сотталған әнші Гауһар Әлімбекованың бүгін сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін босатылғаны белгілі болды.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау