Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Солтүстік Қазақстан тұрғындарының саны бір миллионға жуық адамға азаюы мүмкін

Петропавлда қазақстандықтарды оңтүстіктен солтүстікке көшіру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап. 

Солтүстік Қазақстан тұрғындарының саны бір миллионға жуық адамға азаюы мүмкін

Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Петропавл қаласында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде азаматтарды еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге көшіру мәселелері бойынша республикалық селекторлық кеңес өтті.

Жиналыста сөз сөйлеген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2012 жылдан бастап республикада сыртқы көші-қонның теріс сальдосы болғанын, соңғы 5 жылда ол 2,3 есе өсіп, 2018 жылы 29,1 мың адамды құрағанын айтты. Бұл санның 68% -дан астамы республиканың солтүстік өңірлеріне тиесілі.

«Соңғы бес жыл ішінде, Ақмола облысынан басқа, солтүстік өңірлерде халықтың жыл сайын төмендеу үрдісі сақталды. Сонымен қатар, солтүстік өңірлерде туу коэфиициентінің төмендігіне байланысты халықтың қартаю үрдісі байқалады. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында халықтың табиғи өсуінің жалпы коэффициенті 1,14 баллды құрайды, бұл ұлттық көрсеткіштен 10 есе аз. Егер бұл үрдіс жалғасатын болса, 2022 жылға қарай елдің солтүстік өңірлерінде жұмыс күшіне тартылған адамдардың үлес салмағы 59%-дан 50%-ға дейін төмендейді, ал жұмыс күшіне кірмейтін адамдардың үлесі 41%-дан 50%-ға дейін артады деп болжануда», – деді Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, министр бұл теріс құбылыстар азаматтардың республика бойынша қоныстануында айтарлықтай теңгерімсіздікке әкелетінін атап өтті. Болжам деректері бойынша 2050 жылға қарай халық саны 24,5 миллионды құрайтын болады. Бұл ретте, елдің солтүстігінде халық 0,9 миллион адамға азаюы мүмкін, ал оңтүстігінде ол 5,3 миллион адамға көбейеді.

«Бұл мәселені шешу үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жастардың солтүстік өңірлерге көшуін ынталандыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын ұсынатын механизм белсенді түрде қолданылуда. Бүгінгі күні қоныс аудару Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында жүзеге асырылып жатыр. 2020 жылдан бастап Қарағанды облысы да оралмандар мен қоныс аударушылардың келу өңірлерінің қатарына қосылды», – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Оның айтуынша, 2017-2019 жылдары 5 119 отбасы немесе 18 379 адам, оның ішінде 2019 жылдың 10 айында 2 266 отбасы немесе 8 168 адам қоныс аударды. Көшіп келгендердің жалпы санын 3 037 отбасы – еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушылар болса, 2 082 отбасы – шетелден көшіп келген оралмандар.

«Мемлекет қоныс аударушыларға тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын өтеуге көмек көрсетеді, яғни 12 ай бойы отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейін төленеді. Ағымдағы жылы 4,1 мың адам жалпы сомасы 807 млн теңгеге субсидия алды. Бұдан басқа, қоныс аударған әрбір азамат көшіп-қонуға кеткен шығындарын өтеу үшін бір мезгілде 35 АЕК көлемінде материалдық көмек алады», – деп толықтырды Нұрымбетов.

Сондай-ақ, министр қоныс аударушыларды жаңа жерге орналастырудың маңызды факторларының бірі тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз ету болып табылатындығын атап өтті. Биыл 1 мыңнан астам отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді, бірақ олардың жартысы жалдамалы пәтерлерде тұрады. Ағымдағы жылғы 10 айда еңбекке қабілетті жастағы 3,8 мың адам көшірілді, оның ішінде 2,7 мың адам немесе 71%-ы тұрақты жұмыс орындарына тұрғызылды.

Сөз соңында Біржан Нұрымбетов жиналысқа қатысушылардың назарын азаматтарды жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуға қатысты проблемаларға аударды.

«Біріншіден, азаматтардың қоныс аудару өңірлеріне «енжар​​» қатысу. Екіншіден, жұмыспен қамтудың жеткіліксіз деңгейі және жұмыс берушілердің қоныс аударуға қатысуға деген төмен қызығушылығы. Үшіншіден, жергілікті атқарушы органдар өздерінің мүмкіндіктерін пайдаланбай, қоныстандыру мәселелерін тек республикалық бюджет есебінен шешеді. Қызметкерлерді сапалы іріктеу үшін өңіраралық іс-қимылды жандандыру қажет деп санаймын, қоныс аударатын өңірлердегі жұмыспен қамту орталықтарының базасында тұрақты өкілдіктер ашуды қарастыру қажет.

Сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП өңірлік өкілдіктерін еңбек ұтқырлығын қамтамасыз ету процесіне тарту және қабылдаушы өңірлердегі еңбек ұтқырлығын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен бөлінетін нысаналы қаржыландыруды анықтау қажет», – деп атап өтті еңбек министрлігінің басшысы.

Кездесуді қорытындылай келе, Бердібек Сапарбаев халық санының өсуі Қазақстан үшін басты мәселелердің бірі екенін атап өтті.

«Елбасы 2050 жылға қарай ел халқын 25 миллион адамға жеткізуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге ерекше назар аударып отыр. Халықтың табиғи өсуі жаман емес, бірақ көші-қон жағдайында теріс сальдо бар. Елге келгендерге қарағанда кетуші азаматтардың саны көбірек. Оның себептерін егжей-тегжейлі талдап, тиісті шаралар қабылдау қажет», – деп тапсырды премьер-министрдің орынбасары.

Тағы бір маңызды мәселе – жұмыспен қамтамасыз ету. Елдің солтүстігінде жұмыс орындары жеткілікті. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 2 мыңнан астам бос жұмыс орны бар, деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Вице-премьер облыс әкімдерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде тек республикалық бюджетке сенім артып қоймай, сонымен қатар жергілікті бюджеттен де қаражат көзін табуға шақырды.

«Өз қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы жұмыс берушілер де ойлануы тиіс. Отандастарымызды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік барда басқа елдерден қызметкерлерді шақырудың қажеттілігі қанша? Мемлекет өз кезегінде қандай да бір өңірде жетіспейтін мамандықтарды тегін оқытуға дайын. Сондай-ақ, өз ісін ашу үшін грант немесе микрокредит алуға болады. Қаражат жеткілікті, бірақ бөлінген ақшаны толық игермеу проблемасы орын алады. Еңбек министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар бұл жұмысты жандандыруы керек, оның ішінде халыққа «Еңбек» бағдарламасының мүмкіндіктерін түсіндіру керек», – деп қорытты Сапарбаев.

Талқылау