СҚО-да браконьерлер 50-ге жуық елікті өлтірген
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер 50-ге жуық елікті өлтірді деген күдікпен үш азаматты ұстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Солтүстік Қазақстан облысы ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері облыстық полиция департаментінің басқа да бөлімшелерімен бірлесіп аса ірі көлемде заңсыз аң аулады деген күдікпен Петропавл қаласының үш тұрғынын ұстады", - делінген хабарламада.
Барлығы полицияға Петропавл тұрғындарының бірінде тіркелмеген қарудың бар екені туралы ақпараттың түсуінен басталды. Полицейлер бұл ақпаратты тексеру барысында күдіктінің заңсыз аңшылыққа қатысы барын анықтады.
27 ақпанда таңертең полиция қызметкерлері Челябі-Новосибирск тас жолының 525 шақырымында тексеру кезінде 28 жастағы азаматтың басқаруындағы ВАЗ-2115 автокөлігін тоқтатты. Көлікте 29 және 30 жастағы тағы екі петропавлдық болған. Тексеру барысында автокөліктің жүксалғышынан Сібір еліктерінің төрт өлексесі, сондай-ақ, тіркелмеген, екі тегіс ұңғылы, болжам бойынша "ТОЗ" маркалы мылтық, екі оқ, гильзалар және басқа да аңшылық құралдары табылып, тәркіленді.
"Жүргізілген іс-шаралар барысында Петропавл қаласындағы саяжайлардың бірінен екі өлексе және 41 елік терісі, 119 тұяқ, 12 жануар басы тәркіленді", - деді СҚО Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Жандос Басыбаев.
Аталған дерек Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабының 3-бөлігі "Заңсыз аң аулау" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне тіркелді, бұл бап бойынша мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.