Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сынған терезелер мен көліктер: Арыс қаласының қазіргі көрінісі қандай

Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласындағы әскери бөлімнен басталған өрт бірнеше күнге жалғасуы мүмкін дейді.

Ал, 40 мыңнан астам халқы бар Арыс қаласы мен маңайдағы іргелес елді-мекендердің тұрғындары түгелдей көшіп үлгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.

Қаланың қақ ортасында жарылған снарядтан қорыққан жұршылық бір мезетте жан жаққа қашып жатты. Адамдар үйі мен кәсібін тастап, қаша жөнеліпті. Тіпті көлігін тастап, жаяу қашқандар бар. 

Әзірге өрттің шығу себебі мен одан келген залал мөлшері белгісіз. Шымкентте ағылған көпшілік ішінде баласын іздеп жүргендер де аз емес. Балаларды тасымалдаушылар оларды Шымкентке кіре беріс жердегі орталық мешіт пен мектептерге орналастырған.

Халық негізінен Шымкент пен Сарыағаш бағытына шыққан. Жол бойы көлікпен кептеліп қалды. 

Қалада дүкендердің терезелері шағылған. Әр жерде әйнек сынықтары жатыр. Көшеде сынған көліктер тұр. Кей жерде артилериялық снаряд жатыр. Адамдар көлігін көшеге тастап кете барған. 

Премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Арыс қаласында болған өрттен кейін қаланың қандай күйде екенін айтты.

«Алдын ала деректер бойынша Арыс қаласында өрттен 19 тұрғын үй мен 9 ғимарат зардап шеккен. Электр желілері бұзылған. Жарылыс салдарынан қаладағы үйлердің әйнегінің 
60-70%-і сынған», - дейді Жеңіс Қасымбек. 

Әрі қарай премьер-министрдің орынбасары материалдық залалдар туралы нақты мәліметтер комиссияның материалдық залалды бағалау жөніндегі сауалнамасы төңірегінде анықталатынын айтты. 

Талқылау