Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шөкеев Арыстағы жұртты эвакуациялау туралы: Барлығы қаладан шығарылды

Өмірзақ Шөкеев Арыс қаласындағы жарылысқа байланысты эвакуациялау жұмыстары жайлы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақпаратқа сілтеме жасап.

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ресми түрде ақпарат беріп, тұрғындардың қауіпсіздігі жайлы жауап берді. Арыс қаласындағы жағдайға дәл қазіргі уақытта министрлік қолдау көрсетіп, қауіпсіздік жұмыстары жүргізілуде.

"Біз бастапқыдан-ақ төтенше жағдайлар комитеті және қорғаныс министрлігімен бірлесе жұмыс жасадық. Арыс қаласында 45 мың адам тұрып жатыр. Оқиғаны көріп, бүкіл қаланы эвакуациялауды жөн көрдік. Желдің бағытына қарай, адамдарды көшірудің үш нүктесі анықталды", - дейді Өмірзақ Шөкеев.

Қаладағы адамдарды толығымен қауіпсіз орынға жеткізіп, сағат сайын тексеру жұмыстары жүргізілуде. Жойқын жарылыстан қорқып қалған адамдарға қолдау көрсетілуде деп хабарлады Шөкеев.

"Адамдардың алдынан шығатын көлік құралдары тартылды. Сонымен қатар тұрғындарға да қаланы тастап кету туралы ақпарат таратылды. Әр сағат сайын қаланы аралап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барлығы қаладан шығарылды деп айтуға болады", - дейді Шөкеев.

Еске сала кетсек, бүгін, 24 маусымда, сағат 9:20-да Арыс қаласында жарылыс болғанын хабарлаған едік. Оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі пікір білдіріп, мән-жайды түсіндірді.

Талқылау