“Шыны керек, мен таңғалдым”: Талғат Байсуфинов Димаш Қашкенге қатысты сындарға жауап берді

Фото: instagram.com/kff_team
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының уақытша бас бапкер қызметін атқарып жатқан Талғат Байсуфинов, Димаш Қашкенге қатысты айтылып жатқан сындарға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bassport порталына сілтеме жасап хабарлайды.
“Орталық қорғаушылар мәселесі туындағанда тез әрекет ету қажет болды. Маған Премьер-лиганың барлық ойыншысы бойынша деректер базасы ұсынылды. Шыны керек, мен таңғалдым. Қазір ҚФФ-тың жаңа жүйесіндегі база кеңейтілген, негізгі және резервтегі тізімдер автоматты түрде жасалады. Бұрын мұндай тәжірибе болған емес. Скаутинг бөлімі қазір жан-жақты және сапалы жұмыс істеп отыр. Бұған мен жастар құрамасымен жұмыс істеп жүрген кезде көз жеткізгенмін”, — дейді Байсуфинов.
Бұған қоса бапкердің айтуынша ұлттық құрамаға шақырту алған әр спортшының физикалық және техникалық көрсеткіштеріне жіті назар аударған.
“Қазір бапкерлердің қолында әр ойыншының техникалық және физикалық көрсеткіштері, мінездемесі мен аналитикалық талдауы бар. Дінмұхаммед Қашкеннің кандидатурасы қарастырылғанда барлық дерек оның пайдасына сөйледі. Техникалық-тактикалық параметрлері, модельдік сипаттары мен жасы құрама талабына толық сай келді”, – дейді Талғат Байсуфинов.
Естеріңізге салсақ, 7 қазан күні Лихтенштейн және Солтүстік Македонияға қарсы ойнайтын Қазақстан ұлттық құрамасы футболшылардың тізімін жариялаған еді. Аталмыш тізімде “Жетісу” командасының қорғаушысы Димаш Қашкеннің де аты көрсетілген. Алайда бұл шешімге жанкүйерлер тарапы наразылық білдірді. Бұған басты себеп “Қайрат” пен “Жетісу” арасында өткен ойында Димаш Қашкеннің ойыны футбол сүйер қауімнің көңілінен шықпай, ел арасында талқыға түсті.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді

