Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік азамат дене мүшелерінің өз келісімінсіз өзгеге өсиет етілгенін білді

Есімінің белгісіз болып қалуын сұраған Шымкент тұрғыны қайтыс болғаннан кейін органдарын алуға келісімін бергенін СМС хабарламадан соң бір-ақ білгенін айтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Ер адам бұл туралы Egov сайтындағы жеке кабинетін тексерген соң бірақ білген. Оның келісімінсіз біреу мәйіт доноры боламын деп өтінішке қол қойған екен. Тұрғын мұны өзі істемегендігін және мұның дінге де қайшы екендігін айтады. Ал өтінішті енді кері қайтарып ала алмай жүрген көрінеді.

Абай Тоқтарбайға "сіздің өтінішіңіз жергілікті әкімдіктің орындауында" деген хабарлама 1414-тен 23 шілде күні келіп түскен. Egov сайтындағы кабинетін тексеруді шешкен ол ондағы хабарламаларды көріп, таңғалғанын жасырмайды. Онда Абай қайтыс болғаннан кейін органдарын донорлыққа беруге келіскен. Ал өзі бұл жағдайдан мүлдем бейхабар екенін айтады. Ол ешқандай өтініш қалдырмағанын және дін тарапынан да бұл қарама-қайшы дейді. Ал цифрлық электронды қолтаңба тек өзінде ғана бар.

"Менің Еговтағы құпия сөзім стандартты емес еді, мен оны қиын етіп қойғанмын, кілтсөзді ешкімге айтпағанмын. Мұны медицина қызметкерлері істеген деген күдігім бар, бірақ неге екенін білмеймін. "Мен қайтыс болғаннан кейін донорлыққа ағзамды беремін" деп келісімімді берген жоқпын, сол үшін бұл өтінішті алып тастағым келеді", – дейді ол.

Абай енді өтінішті қалай кері қайтару керек екенін білмей дал. Бірнеше күн бойы қалалық әкімдік пен бірыңғай байланыс орталығына хабарласқан, бірақ оның рұқсатынсыз органдарды алып қою туралы келісімге кім қол қойғаны туралы сұраққа жауап әзірге ала алмапты.



"Мемлекеттік қызметті электрондық форматта қызмет көрсету қағидаларына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңба арқылы немесе смс-кілтсөз арқылы қолхатпен жүзеге асырылады. Бұл жағдайда басқа тұлғалардың сіздің электрондық цифрлық қолтаңбаңызсыз мемлекеттік қызметті алуға мүмкіндігі жоқ", – деген хабарламада.

Бұл туралы адвокат Евгений Яворский құқық қорғау органдарына хабарласып, өтініш қай құрылғыдан берілгенін білуге болатынын айтады. Тек осы жағдайда заң бұзушыларды жазаға тартуға болады.

"147-бап. Жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының Дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу. Қылмыстық құқықтағы бұл бап біздің жеке деректерімізді қорғайды және кез-келген адамға, оның ішінде мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне деректерімізді пайдалануға тыйым салады. Осы баптың 5-ші бөлігі бойынша жеті жылға дейiнгi жаза қарастырылған", – дейді ол.

Адвокаттың айтуынша, Абай Тоқтарбай енді азаматтарға арналған электрондық үкіметке ресми хат жіберу керек. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоға арыз түсіруді ұмытпаған жөн.

Талқылау