Шымкенттегі атыс кезінде қарулы адамды ұстаған полиция қызметкері марапатталды
Шымкентте атыс кезінде қарулы адамды бірінші болып ұстап алып, залалсыздандырған полиция қызметкері Арман Әріпжановқа екі еселенген жалақы берілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Шымкент қалалық ІІБ мәліметінше, атыс кезінде Арман оқиға орнынан алыс емес жерде кезекшілікте болған. Көшеде оқтың дауысын естіген полиция капитаны оқ атқан адамның назарын басқа жаққа аударып, оны құрықтаған. Тергеушінің сөзінше, қарулы жігіт оның маңдайына оқ атпақ болған, бірақ полицейдің шапшаң әрекетінен ол арам ниетін жүзеге асыра алмаған.
"Кеше мен ұрлыққа қатысты тағы бір іс бойынша жұмыс істеп жатқанмын. Әріптесіммен бейнебақылау камерасын қарап отырған кезде, атыс дыбысын естідім. Бірден көшеге шықтым, студенттер көп еді. Олардан оқиға орнынан кетуін сұрадым. Сосын мен қылмыскердің соңынан жүгіріп келіп, сәтті пайдаланып, оны полиция көлігіне мінгізіп алдым. Әріптестерім оның назарын аударып жіберді. Сол сәтте ол маған оқ атқысы келді, бірақ мен оны қарусыздандырдым. Қорқыныш деген ой болған жоқ. Мен өз жұмысымды атқардым. Ең басты мақсат қылмыскерді қолға түсіру болды. Бұл әрбір полиция қызметкерінің халық алдындағы міндеті деп білемін", – дейді Шымкент қалалық ІІБ Тұран аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы Арман Әріпжанов.
33 жастағы Арманның айтуынша, ол бала кезінен полиция қызметкері болуды армандаған. Ішкі істер органдарында 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді. Арман бақытты отағасы, төрт баласы бар. Полиция департаменті де ержүрек тергеушіні Құрмет грамотасымен марапаттау туралы Ішкі істер министрлігіне сұраныс жібергенін хабарлады.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік