Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкент әкімдігі 650 мың теңгелік кофемашинаға қатысты түсініктеме берді

Әлеуметтік желі белсендісі Аманкелді Қалыбек Шымкент қаласы әкімдігі аппаратына бюджеттен бөлінетін қаражатты көрсетіп, желіде пост жариялады. Оның назарына  әкімдіктегі кофемашина үшін бөлінетін сома түскен. Аураханаларда ИВЛ аппараты жетпей тұрған шақта әкімдік кофемашина үшін 650 мыңнан аса қаражат бөлетінін айтып, өз наразылығын білдірген. Stan.kz тілшісі мән-жайды білу үшін әкімдікке хабарласты.

кове

"Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов атынан өкпе қабынуынан қайтыс болған дәрігерлердің отбасыларына 1 млн теңгеден берілді. Әлеуметтік желілерде осы жағдайға қатысты көп пікірлер мен шу болды. Кейбіреулер әкімдіктің бұл қадамын "өлгендерді тонау" деп бағалады. Әрине, ешқандай ақша жақынынан айырылған отбасыға демеу бола алмайды, бірақ 1 млн теңге қай жыртыққа жамау болады? Сонда Шымкент қаласының әкімдігі біздің дәрігерлердің өмірін 1 млн теңгеге бағалай ма?", - деп шағымданды Аманкелді. Дәрігерлерге миллион теңге берген әкімдік өз өмірін қаншаға бағалайтынын есептеп көрсетті. 

"Ал әкімдіктегілер өз өмірін қанша бағалайды? Шымкент қаласы әкімінің аппаратын ұстау үшін бюджеттен қанша қаражат жұмсалады? Ашық дереккөздерден ақпаратты іздеу барысында мынадай мәліметтерді алдым:

Республикалық маңызы бар қала әкімінің (әкімдігінің емес) қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер 2020 жылға - 550 092 000 теңге.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының "Шымкент қаласы әкімдігінің іс басқармасы" КММ 2020 жылға - 473 095 000 теңге.

Бюджеттік бағдарлама бойынша шығыстар жиыны - 1 023 187 000 теңге.

Келтірілген сома аз емес, бірақ сіздерге түсінікті болу үшін шығындар тізбегі:
"Шымкент қаласы әкімі аппаратының "Шымкент қаласы әкімдігінің іс басқармасы" КММ-нің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында негізгі құралдарды сатып алу" бағанында ұйымдастыру техникасынан жиһазға дейін әртүрлі сипаттағы техникалар сатып алынады. Оның ішінде менің назарым Krups EA-9010 кофемашинасына түсті. Бұл құрылғының бағасы - 647 990 теңге! Түсінесіз бе? 647 990 теңге!", - деген Амангелді бұл шығындар тізімі пандемия кезінде жасалғанын айтады. 

"Бұл шығындар пандемияның қызған кезінде жасалған. Бұл ақшаға ИВЛ аппаратын сатып алып, бірнеше адамның өмірін құтқаруға болады. Бірақ, біздің әкімдік үшін қалалықтардың өмірінен гөрі кофемашина маңызды", - дейді ол.

Желіде қызу талқыға түскен осы постқа Шымкент әкімдігінің айтар өз уәжі бар.

"650 мыңға жуық ақша тұратын кофемашина туралы айтатын болсам, ол жылдың басында жоспар құрылғанда тізім де болған. Бірақ тапсырыс беріліп, әкімдікке алған жоқпыз. Одан кейін үш рет жоспарға түзетулер енгізіп, керек жабдықтарды нақтыладық. Ол бойынша кофемашина тізімнен алынып тасталды. Өйткені мынадай қиын-қыстауда қаражаттың медицина саласына көбірек бөлінгені керек. Одан бөлек қызметтік көліктерді қысқарттық және қаланың көгалдандыру мәселесіне қатысты бөлінетін қаражатты да шектедік. Оның орнына аса маңызды қажеттілікті талап ететін медициналық мекемелердің базалық құралдарын нығайтуға жұмсалуда", - дейді Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі. 

Ал дәрігерлерге уәде етілген 10 млн-ның орнына берілген 1 млн теңге жайлы Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметінің басшысы:

"Президентіміз Ковид жұқтырған дәрігерлерге 2 млн, ал вирустан қайтыс болып кеткен дәрігерлерідң отбасына 10 млн теңге көлемінде жәрдем көрсету жөнінде тапсырма берілгенін білесіздер. Бірақ біздің әкімдік берген соманың бұл тапсырмаға еш қатысы жоқ. Өйткені ол арнайы комиссия құрамы тексеріп береді. Ал біз берген 1 млн теңге қара жамылып қалған отбасыларға көмек болсын деп жергілікті "Қайырымды қала" қорынан бөлінген қаражат. Ал бұл қорды Шымкент қаласының кәсіпкер азаматтары қаржыландырады. Әкімдік осы қаражатты бөлгенде дәрігердің қандай жағдайда қайтыс болғанын тексеріп жүрмеді. Үйінде жұқтырды ма, әлде жұмыста жүріп жұқтырып қайтыс болды ма, біз тексеріп отырмадық", - дейді Арай Есенбек. Айтуынша, әкімдік қара жамылып қалған отбасыға сәл де болса жәрдем болсын деген ниетпен ақшалай көмек тағайындаған. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр