Ақмола облысындағы спорт мектебінде 18 бала уланып қалды
Фото: pixabay.com
Ақмола облысы Бурабай ауданындағы спорт мектебінде 18 бала ішек инфекциясын жұқтырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бурабай ауданында орналасқан Т.Ә.Уәлиев атындағы "Жақсы №2" спорт мектебінің базасында демалып жатқан балалар арасында бактериалдық ішек инфекциясының 18 жағдайы тіркелген.
“Болған жағдайға байланысты департамент аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен бірлесіп, індетке қарсы және алдын алу шараларын ұйымдастырды. Қолданыстағы заңнама аясында эпидемиологиялық тергеп-тексеру мен кешенді тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр”, – делінген департаменттің хабарламасында.
Астанада 16 адам мейрамхана тамағынан уланып қалды
Аталған дерек бойынша ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 304-бабының 1-бөлігі "Санитариялық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғады.
“Ауырған балалардың барлығына дер кезінде қажет медициналық көмек көрсетілді. Қазір балалардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Оқиғаның себептері, тергеу нәтижелері мен қабылданып жатқан шаралар туралы қосымша ақпарат тергеу амалдары аяқталған соң жария етіледі”, — делінген ақпаратта.
Еске салсақ, осыған дейін Маңғыстау облысында оқушылар жаппай уланып, ауруханаға түскені туралы жазғанбыз.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік