Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шавкат Рахмонов пен Белал Мұхаммед арасында өтетін кездесу уақыты белгілі болды

UFC басшылығы жартылай орта салмақта чемпиондық белбеу үшін өтетін кездесуді Канадада өткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Meta-ratings.kz Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Zuffa LLC / Getty

Алғашында жекпе-жек АҚШ-тың Чикаго қаласында өтеді деп жоспарланған. Алайда спортшыларға жақын дереккөздің айтуынша, бұл кездесуді Канадаға ауыстыру жайлы келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер барлығы сәтті аяқталса, Шавкат Рахмонов қазақстандық спортшылар арасынан UFC чемпиондық белбеуіне таласатын алғашқы жауынгер атанады.

Жекпе-жектің нақты өтетін уақыты мен орны UFC тарапынан жақын арада ресми түрде жарияланады.

Шавкат Рахмонов аралас жекпе-жек спортында жеңіліссіз серияда келеді. Отандық спортшы 19 рет октагонға шығып, барлығын жеңіспен аяқтады. 18 кездесуді мерзімінен бұрын бітірді. 

Соңғы рет Рахмонов 2024 жылдың 8 желтоқсанында ирландық спортшы Иэн Гэрриді ұпай санымен ұтқан еді. Бұл – Шавкаттың спорттық мансабындағы төрешілер шешімімен жеңген алғашқы кездесуі.

Айта кетейік, бұған дейін Рахмоновтың Қазақстанның ең үздік файтері бола алмай қалғанын айтқан едік.

STAN.KZ
Сейсенбі, 28 Қаңтар, 2025 15:54