Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шамильге арналған гүл: Танымал суреттің кейіпкері неліктен әскерге барғанын айтып берді

Митинг кезінде кішкентай бүлдіршіннен гүл алып тұрған әскеридің суреті желіде желдей есіп, ерекше күлімдеген жүзі қазақстандықтардың ілтипатына ие болды. Бүгінде Шамиль Хасановты халық ең үздік суреттің кейіпкері ретінде таниды. Кішкентай Айрин есімді қызбен жұртышылықтың жүрегін жаулаған жігіт — Отан алдында борышын өтеп жүрген әскер сарбазы. Ол Stan.kz тілшісіне әскердегі өмірі қалай өтіп жатқанын, сарбаздардың неліктен суицидке баратынын, қазіргі танымалдығы жайлы не ойлайтынын айтып берді.

Шамиль, әскери борышыңызды қалай өтеп жатырсыз? Бізбен бөлісіңізші. 

Әскердегі қызметім өте қызықты өтіп жатыр. Мұнда көптеген дүниелерді, мысалға, қару-жарақтан оқ атуды, сосын оқ нысанаға жететіндей көздеп атуды үйрендім. Тіпті адамдармен араласудың қыр-сырын да меңгеріп алдым. Әскерде жаныңызда жүрген адамның қуанышына, қайғы-мұңына ортақ боласыз. Менің ойымша өмірдегі мықты достықтың іргесі дәл осы әскерде қаланады. Борышыңызды өтеп жүріп, кімнің сізді шынайы бағалайтынын түсінесіз. Бір үзім нанды бөліп бергенде соған қанағаттанып, рахмет айтатын жандарды кездестіресіз. Өзім әскерде осындай достар таптым. 

Негізі мен мерген дайындайтын, мемлекеттік нысандарды қорғауды, сотталған және тұтқындалған адамдарды күзететін басқа әскери бөлімде борышымды өтеуім керек еді. Бірақ тағдырдың жазуымен жас әскер курсын тәмамдап, осы жаққа ауыстым. Екі ай көлемінде аспазшының оқуын оқып, оны өте жақсыға аяқтап, қайтадан елордаға, бөліміме оралдым. Борышымды өтеп жүрген қазіргі бөлімде қоғамдық тәртіп басты назарға алынған.

Қазір әскерге барудың орнына арнайы оқуды оқып қоя салатын жігіттер көп. Сіз неге олай істемедіңіз?

Менің ойымша, әскерге барудың орнына бір айлық оқуда оқу ұят дүние. Әрбір жігіттің әскерде қарсы алған Жаңа жылы, туған күні болуы тиіс. Ал әскери билетті бір айдың ішінде беретін орынды әскер деп айтудың өзі қиын. Мақтанғаным емес, бірақ мен отан алдындағы борышымды үлкен қуанышпен өтеп жүрмін. Әскерге барғым келетінімді айтқан кезде ата-анам да қолдау көрсетіп, менімен мақтанатындарын білдірді. Соңғы жаңалықтардан кейін танымалдығымның артуына байланысты олар менімен қазір мың есе мақтанады. Бұл менің борышымды дұрыс өтеп жүргенімнің белгісі деп түсінемін. 

Әскер сіздің өмірге деген көзқарасыңызды немесе мінезіңізді өзгертті ме? 

Иә, отбасыммен өткізген әр сәтті бағалай бастадым. Ел ортасында өткізген уақыттың құндылығын сезіндім. Борышын өтеген адам мені өте жақсы түсінеді деп ойлаймын. Отан алдындағы міндетті орындаған, жемісін көреді деп бекер айтылмаған ғой. Қазір қызметім адал болса, кейін рахатын көремін. 

Белгілі бір марапатқа ие болып үлгердіңіз бе?

Қазіргі уақытта мен қатардағы әскермін. Ефрейтор атағына ұсынылдым, жақын арада бекітілуін күтіп жүрмін. Негізі бұл мәртебе айрықша еңбегі сіңген әскериге, білікті әскери мамандарға беріледі. Сондықтан мұндай құрметке бөленетінімді естігенде қуаныштан төбем көкке бір-ақ елі жетпей қалды. Әскерден белгілі бір дәрежемен қайтып, әке-шешемді  қуантқым келіп еді, тілегенім орындалып жатыр.  

Әскерде жүріп өз-өзіне қол жұмсағандар туралы көп естиміз. Сарбаздың өмірмен қоштасуының себебі неде?

Мен де қарапайым отбасыдан шыққан ауыл баласымын. Суицид жасайтындардың ішінде ауыл балалары аз деген сенімдемін. Өз еркімен өмірден озу туралы шешім шығарғандар болашақты, ата-анасының жағдайын ойламайды. Өкініштісі осы. Мүмкін олар суицидке айналасындағы адамдардан қолдау таппай,  тұйықталып қалғаннан  баратын шығар. Қыздары тастап кеткені үшін өз-өзіне қол жұмсайтындар жайлы да естіп жатамыз. Әскерде осындай жағдай орын алғанда өз жұмысының білікті маманы саналатын тұлғалар, офицерлер, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметкерлер зардап шегеді. Әскерге деген сенімнің азаятынына  жаным ашиды.

Сайлаудан кейінгі тарихи суретті көрген қазақстандықтар "тәртіп сақшыларының адамгершілігі" туралы айтты. Сіз не ойлайсыз?

Біздің күшіміз - бірлікте. Халықтың да мұны түсінетіні, керемет қой. Әскеридің еліне адал қызмет етуі - бірінші кезекте. Қалың жұрттың бізге сенімі нығайып, осы жағдайдан кейін әскерге барғысы келетін жастар көбейетін сияқты. Әскерде де біз бөлінбеуге тырысатын, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын, жұдырықтай жұмылған жігіттерміз. Біздің бөлімде сарбаздар жаңадан келгендерге шевронды бекітуден киімді дұрыстап үтіктеуге дейінгі көмектерін аямайды. 

Аяқ астынан танымал болып шыға келдіңіз. Жалпы, атақты болуды армандадыңыз ба? Актер болғыңыз келеді екен, тағы да қандай өнеріңіз бар? 

Танымал адам болуды армандағаным рас. Бірақ әскери борышымды өтеп жүріп, атақты болып кетемін деп мүлдем ойламаппын.  Актерлық шеберлік үйірмелеріне қатыспасам да, өнердің бұл түрінен қабілетті екенімді білемін. Уақыт табыла қалғанда бірнеше рөлдерді ойнап, өз-өзімді шыңдайтынмын. Би билегенді, дәл қазіргі уақытта патриоттық әндерді орындағанды ұнатамын. Олардың әр сөзіне үңілгенде рух артып, көңіл-күй көтеріледі. 

Сурет желіге таралғанда "Анасы қызын митингке апарып, суретті әдейі түсірді" деп айтқандар болды...

Әрине, сын әр жерде болады ғой. Менің ойымша, өзіне, өміріне көңілі толмайтын адам қызғанады, ал өзгелері керісінше қызығады. Айриннің анасы менің сөзімді сөйлеп, жағымсыз пікір қалдырған адамдарға жауап беріп, қорғапты. Айринмен кездескенде көрсеткен сыйы үшін риза болғанымды жеткіздім. Бүлдіршіннің жанұясы өте керемет адамдар екен.

Митингте адамдардың дөрекі қарым-қатынасына психологиялық тұрғыдан сіздерді дайындай ма?

Әскерилерді мұндайға әскердің бірінші күнінен бастап дайындайды. Адамдар кейде бізге шабуыл жасайды, жайдан-жай келіп итеріп кетуі мүмкін. Себебі олардың түсінігінде әскери позитивті ұғымдармен ұштаспайды. Біз өзіміздің тарапымызға ауыр сөздердің айтылатынын білдік. Бірақ кішкентай қыздың  гүл ұсынатынын ешкім күтпеді. Айрин жарады. Өзінің батылдығын, сенімін көрсету арқылы үлкендерге үлкен сабақ берді. 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау