Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біздің саясатта бәрі шикі": Тәуекел Мүслім уәдесін орындамайтындарды сынады

Соңғы кездері ғаламторда Тәуекелдің бейтаныс арумен неке қиған суреттері тарап кетті. Stan.kz тілшісі актердің жеке өмірі мен өнеріне қатысты сауалдар қойып, біраз сыр шертісіп қайтты.

Тәуекел МүслімСурет: instagram.com/mussilim/?hl=ru

Әңгіме әлқисасын тілші ғаламторда көп қаралымға ие болған фотосуреттен бастады. Ал талай қызға арман болған сері оны жоққа да шығармады және растамады.

"Әзірге ешқандай пікір айтпай-ақ қояйыншы. Уақыты келгенде бәріңізге шындықты айтамын. Әзірге жеке өмірім құпия. Уақыты келгенде міндетті түрде бірінші болып сіздерге айтамын. Келесі сұрағыңызды қоя беріңізші", - деп қысқа қайырды.

Жеке өмірін құпия ұстауға тырысқан Тәуекел Instagram желісінде жеке гивтерін өткізуге тәуекел жасай алмай жүр. Мұның себебін сымбатты сері былай деп түсіндірді: "Күні бүгінге дейін жеке гивім өтпеді. Ұсыныстар өте көп. Бірақ, директорымызбен ақылдаса отырып, әзірге мұндай конкурстар ұйымдастырмаймыз деп шештік".

Instagram желісінің сапалылығы Мүслім үшін өте маңызды екенін жасырмады.

"Әрине, қосымша табыс көзі деуге болады. Бірақ, кез келген нәрсені жарнама жасап, ластаудан аулақпын. Үлкен келісімшарттармен ғана жұмыс жасаймыз", - деді актер. 

Ал кейбір жұлдыздар кездесіп жүрген инста-алаяқтардан ол еш қорықпайды. Себебі, Тәуекел директорына сенімді.

"Менің директорым өте білімді адам. Ол әр ұсынысты, компанияны мұқият тексереді. Заң жүзінде бәрі дұрыс болса ғана қол қоямыз. Сондықтан, мен алаяқтардан еш қорықпаймын. Олар менен қорықсын", - деп әзіл-шыны аралас жауап берді.

Instagram мен түсірілім алаңынан қолы босамайтын жігіттің саясатқа еш қызығушылығы жоқ. Өйткені, биліктен көңілі қалған.

"Саясатқа мүлдем қызықпаймын десем де болады. Себебі, біздің саясатта бәрі шикі. Әлі піспеген дүниелер көп. Елбасын сыйлаймын. Бірақ, жолдауларды тыңдаймын, бәрін білемін, естідім деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Уақытым бола бермейді. Кейде ғаламтордан үзінділерін байқап қалатыным рас", - деді ол.

Тіпті, Асылхан досы сияқты депутат болуға ұсыныс түссе де қабылдауы екіталай екенін ашық әрі сенімді айтты.

"Мен ол жаққа (билікке - ред. түсіндірмесі) бармайтын шығармын. Ол жерде жалғыз жүріп, бірдеңе өзгерту қиындау болады. Өзгерісті талап ететін көп нәрсе бар ғой. Ең бірінші, айтылған сөздердің 100% орындалуын қалайтын едім. Бізде уәде беріледі, бірақ нәтижесі жоқ десе де болады", - деді әнші. 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау