Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сап-сау еді": Маса шаққан ер адам 9 күннің ішінде көз жұмды

АҚШ-тың Мичиган штатында 64 жастағы Грегг Макчесни маса шаққаннан кейін сирек кездесетін ауруды жұқтырған. Салдарынан ол 9 күннің ішінде көз жұмды.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Fox News басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

«Грегг шілде айының соңында фермада болып, маған көмектесті. Ол сап-сау еді, риза болып жүрді. Алайда дерт оны 9 күннің ішінде сұлатып түсірді», - дейді қайтыс болған ер адамның ағасы Марк Макчесни. 

Ағасының сөзінше, Грегтің ұстамасы ұстап, артынша бірден ауруханаға жеткізіліпті. Дәрігерлер оның бойынан шығыс жылқы энцефалиті вирусын анықтаған. Аталған вирусты масалар таратады екен. Өкінішке орай, дәрігерлер ер адамды құтқара алмады. 

Шығыс жылқы энцефалитін жұқтырғандардың аяқ астынан дене қызуы көтеріліп, қалтырап, буындары ауырады. Сонымен қатар аурудың салдарынан науқастың басы қатты ауырып, дірілдеп, миы қабынады. Тіпті, адамның салдануына алып келеді. Жағдай ауырлағанда, ми зақымдалып, салдарынан науқас комаға түсіп немесе өліп кетеді. 

Аталған вирус өте сирек кездеседі. Ол жылына шамамен 7 адамнан анықталады екен. Белгілісі, 15 жасқа толмаған балалар мен жасы 50-ден асқандар қауіпті вирусты жұқтыруға анағұрлым бейім.

Талқылау