Сағатына мың теңге төлейді: Семейде автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты
6 ақпанда қаладағы "Семавтопарк" компаниясына қарасты қоғамдық көліктерді жүргізетін азаматтар жұмыстарын тоқтатты. Жүргізушілердің сөзінше, компания басшылығы қызметкерлерінің жалақысын жаңа жылдан бастап 40%-ға көтеруге уәде берген. Алайда айтылған сөз сол күйі орындалмағанын мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Таңертең шамамен 140 автобус желіге шығуы керек болған. Алайда олардың тең жартысының жүргізушісі жолаушы тасымалдаудан бас тартқан. "Құрғақ сөз бен бос уәдеге енді сенбейміз" деген олар жұмыстарын жалғастырмақ болған басқа қызметкерлерге де кедергі келтіріпті. Соның салдарынан семейліктер діттеген жерлеріне жете алмай, оқушылар мектепке кешігіп баруға мәжбүр болған.
Сондай-ақ қоғамдық көлік жүргізушілерінің көбі кәсіпорын басшылығының жұмысына көңілдері толмайтынын айтқан. Дегенмен жүргізушілердің талабын тыңдауға "Семавтопарк" компаниясының заңгері ғана шықты. Оның айтуынша, жүргізушілердің бұл әрекеті заңға қайшы. Мұндай наразылық жиындары қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуі тиіс екен. Бірақ жүргізушілер барлық белгіленген ережелерді бұзды деді. Ал жалақы көтеру мәселесін алдағы уақытта қарастыратынын мәлімдеді.
“Жалақыны көтеру экономикалық санат болып есептеледі. Бұл жайдан-жай жасала салмайды. Нақты есептеу жүргізу қажет және соған сәйкес қаражат болуы керек. Бірақ бұл мәселені компания мүлде қарастырып отырған жоқ дегенді білдірмейді. Ақпанда біз айлықты көтеру жағын талқылаймыз. Ай соңында кімнің жалақысы қаншаға өсетінін нақты айтамыз”, – деді "Семавтопарк" ЖШС заңгері Николай Чнегов.