Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

Ринат Зайытовқа полиция қысым көрсетті ме: Айтыскер ақын пікірін кенеттен неге өзгертті?

10 маусым күні танымал айтыскер Ринат Зайытов президент сайлауы әділ өтпеді деген себеппен оңтүстік астанадағы "Алматы Аренаның" алдында кездесу өткізбек болған еді. Алайда жиынға Зайытовтың сөзін тыңдап, пікірін білу үшін келген бір топ азамат айтыскердің сөзін бастамастан тұтқындалғанын көріп, абдырап қалды. Stan.kz тілшісі ақынға қолдау көрсетіп, жанында жүрген танымал режиссер Еркін Рақышевке оқиғаның мән-жайын білу үшін хабарласқан еді.

Режиссердің өзі де тәртіп сақшыларының Зайытовты қайда алып кеткенін білмей қалған. Екі-үш сағаттан кейін оны АІІБ-ден тапқан екен. 

"Полиция қызметкерлерінің қарапайым адамдарға қысым көрсетуге құқығы жоқ. Себебі тәртіп бұзған адам заң жүзінде жазаланады. Мысалы, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді дегендей. Қарапайым адамды қыспаққа ала алмайтын тәртіп сақшылары ел алдында жүрген Ринат Зайытовқа қысым көрсетті деп айту қиын, мүмкін емес дүние деуге болады", - дейді қоғам белсендісіне айналған режиссер. 

"Ринаттың халық алдына шығып айтқан сөзін қолдаймын. Басқа не деп айтуы керек еді? Тарамаңдар деп лекция оқуы керек пе еді? Оның үстіне жиналған мың адамның ішінде митингке құмар ҚДТ мүшелері болды. Негізі, халық жиналған жерге жетіп баруға жаны құмартып тұратын ҚДТ өкілдері мен Ринаттың көзқарасы екі түрлі. Ақын олардың басшысын да сынап жүреді. Менің ойымша, Ринат жағдайды ушықтырмай, онсыз да намыстанып тұрған халықты сабырлы болуға шақырып, дұрыс істеді. Оның орнында басқа біреу болса, дәл солай адамдардан үйлеріне қайтуын сұрар еді", - деп Еркін Рақышев кенеттен тынышталуға шақырған айтыскер ақынға қатысты пікірін білдірді. 

Халық арасында тараған "Ринат та биліктің қолшоқпары, арнайы жіберілген адам" деген алып-қашпа әңгімелерге қатысты режиссер: "Менің ойымша, бұл Ринатты білмейтін адамдардың айтып жүргені. Ринат Зайытовтай халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, билікті сынаған ақынды білмеймін. Биліктің адамы болса, оны сынап, биліктегілер жайлы ащы шындықты айтпас еді. Сайлаудың кезінде де Әміржан Қосановтың жанында жүріп, халықты қолдамас еді ғой. Бәрінің аузына қақпақ болу мүмкін емес. Бірақ мен мұндай сөздер шамамен кімнің аузынан шығатынын білемін. Ринат Әблязовты көп жамандайды. Ал Әблязовтың соңынан ергендер оған жауап ретінде осындай ақпаратты таратады. Домбыраны нашар тартасың деп айтпайды, биліктің адамы, сатқынсың деп жала жабады. Өмірде неше түрлі адам, жағдай болады ғой", - деді.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, Ринат Зайытов санкцияланбаған митингке қатысқаны үшін тұтқындалған. Құқықты түсіндіру жұмыстарынан кейін үйіне жіберілген. Жиналған қауым Зайытовтың үйіне кеткенін естісе де, тарқамай, ақынды алдына алып келуді талап еткен. Айтыскер сол жерде халықты заңды бұзбауға және құқық қорғау органдарының айтқанын істеуге шақырды. 

 

 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр