Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшылары қазандықты жөндеуге бөлінген қаржыны жымқырды деген күдікпен ұсталды
Риддер ЖЭО-ның бұрынғы басшылары алаяқтық жасап, мемлекетке 4,1 миллиард теңге залал келтірді деген күдікке ілінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оларға қатысты істі Шығыс Қазақстан облыстық қаржылық мониторинг агенттігі тергеп жатыр.
ЖЭО-ның бұрынғы басшылары алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы бөтеннің мүлкін жымқырып, аса ірі көлемде мемлекетке 4,1 млрд теңге залал келтірген деген күдікпен айыпталды.
“Тергеу барысында ЖЭО жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған қаражаттың жүйелі ұрланғаны анықталды. Соның кесірінен жабдықтар тозып, бірнеше рет істен шыққан.
2018-2022 жылдар аралығында Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары ғылыми-техникалық қызмет көрсету, қазандықтарға, жылу желілеріне және турбогенераторларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін кәсіпорындармен жалған келісім-шарттар жасап, уәкілетті органға жалған есептер ұсынған”, – деп мәлімдеді қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.
Тергеу барысында қабылданған шаралар мен премьер-министрдің төрағалығымен Үкімет жанындағы экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия шеңберінде Риддер қаласындағы жылу энергиясын өндіру станциясын мемлекет меншігіне беру арқылы келтірілген шығынды өтеуді қамтамасыз етті, оның құны шамамен 5,5 миллиард теңге.
Тергеу талаптарына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етілмейді.