Ресей жағында соғысуға адам тартқан: Қырғызстанның арнайы қызметі Русский дом қызметкерін ұстады

Фото: Настоящее время
Қырғызстанның арнайы қызметі Русский дом қызметкерін ұстады. Ол халықты соғысқа шақырды деп айыпталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті Ош қаласындағы Русский дом қызметкері Наталья Секеринаны ұстады.
19 сәуірде Бішкектің Бірінші Май аудандық соты Секеринаны екі айға, яғни 17 маусымға дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарған.
Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бас тергеу басқармасы Секеринаға “Басқа елдердегі қарулы қақтығыстарға қатысу үшін жалдамалы әскерилерді тарту” бабы бойынша айып тақты. Яғни Ресей жағында соғысатын адамдарды жинаған.
“Жалдамалы әскерилерді тарту” ісі бойынша барлығы төрт адам ұсталды, олардың арасында Ош әкімдігі баспасөз қызметінің қызметкері Сергей Лапушкин де бар. Іс бойынша қалған екі айыпталушының кім екені белгісіз.
Қырғызстанда бұрын Ресей-Украина соғысына Ресей жағында қатысқаны үшін үш адам сотталған. Олардың бірі – Асқар Кубанычбек уулу. Ол Қырғызстанда жеті жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ Ресейге қашып, Ресей қорғаныс министрлігімен жаңа келісімшартқа отырды.
“Русский дом” – шетелде жұмыс істейтін Ресей ғылым және мәдениет орталығының қазіргі атауы. Бұл орталықтарды шетелде орыс мәдениетін, білімін және тілін насихаттайтын Ресей сыртқы істер министрлігі жанындағы "Россотрудничество" федералдық агенттігі қадағалайды.
Қызметі:
- Мәдениет пен тілді насихаттау: концерт, көрмелер, фильмдер көрсету, театрландырылған іс-шаралар ұйымдастыру, орыс тілін үйрету.
- Білім беру бағдарламалары: шетел азаматтарына ресейлік жоғары оқу орындарына түсуге, тағылымдамадан өтуге және ғылыми алмасуға көмектесу.
- Гуманитарлық бастамалар: Ресейді шетелдегі отандастардың қамын ойлайтын және гуманитарлық жобаларды алға жылжытатын "жұмсақ күш" елі ретінде таныстыру.
Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Қырғызстанда мұндай үйлер "рухани байланыс", "ортақ тарих", "орыс әлемін қолдау" деген ұрандармен жұмыс істейді.
Қазақстанда да "Русский дом" деп аталатын Россотрудничествоның өкілдіктері бар. Олар еліміздің бірнеше қалаларында орналасқан және ресейлік мәдениетті, ғылым мен білімді насихаттау, сондай-ақ отандастарды қолдау қызметтерін атқарады. Алматы, Астана, Өскемен және Орал қалаларында да өкілдіктері бар. Бұл орталықтардың барлығы 1998 жылдан бастап Ресей Федерациясының үкіметі мен Қазақстан үкіметі арасындағы ақпараттық-мәдени орталықтарды құру және олардың жұмыс істеу шарттары туралы келісімге сәйкес жұмыс істейді.
Еске салсақ, Украина Ресеймен тұтқын алмасу шарасы аясында екі қазақстандық азаматты экстрадициялаған еді.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты