Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Реалдың" жаттығуында 18 жастағы "жапониялық Месси" ойынымен көпшілікті таңғалдырды (видео)

Мадридтік «Реал» жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Клубқа жаңадан келген 18 жастағы жігіт алғашқы жаттығуларда күтпеген жерден жұлдызға айналды.

Испаниялық AS газетінің мәліметінше, жапониялық журналистер «Реалдың» маусымалды жиындары кезінде Кубоға қызығушылық танытқан. Ал отанында футболшыны Жапония тарихындағы спорттың басты жұлдызы ретінде көреді, деп жазады Stan.kz.

Бүгінде «жапониялық Месси» атанып кеткен Такефуса Кубо жаттықтырушылар мен серіктестерін өзінің ойынды жүргізу қабілеті және дриблингімен таңғалдырды. Ол командадағы анағұрлым тәжірибелі әрі танымал ойыншылармен жеңіл ойнап, басымдық танытты. Сонымен қатар бірнеше гол салды. 

Желіде тараған видео кадрларынан алаңдағылардың Кубоның ойынына тамсанғандары естіледі. Сонымен қатар Марсело, Карим Бензема және басқа да мадридтіктер жас ойыншыны мақтағаны байқалады. 

 

Кубо «Реал» клубына биылғы жазда келген. Бұған дейін ол отанында «Токио» және «Иокогама Ф.Маринос» клубтарында ойнаған.

Жас футболшы 2015 жылға дейін «Реалдың» басты дұшпаны «Барселона» клубының академиясында жаттығып, сол жерде «жапониялық Месси» атанған. 

Десе де Кубо алдағы маусымды «Реалдың» жастар командасында өткізеді. Себебі құрамдағы жас ойыншыларға арналған 3 орын бос емес. Командаға бразилиялық Винисиус, Родриго және Эдером Милитао қабылданған.

Талқылау