Қазақстанға келетін шетелдік блогерлердің сапарын мемлекет қаржыландырмайды – Kazakh Tourism басшысы

Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттау үшін шетелдік блогерлерді тартуға бюджет қаражаты бөлінбейді. Мұны Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтегі брифингте журналистер Қазақстан туралы әлеуметтік желіде АҚШ, Еуропа және Қытай блогерлерінің видеосы жарияланып жатқанын айтты. Оған қоса мұндай сапарларға қанша қаражат жұмсалатынын сұрады.
Ғазизовтың айтуынша, ұлттық компанияның блогерлермен жұмыс істеуге арналған жеке бюджеті жоқ.
“Тревел-блогерлер жариялайтын барлық жазба коммерциялық негізде жасалмайды. Біздің ынтымақтастық моделі серіктестік және бартерлік негізде құрылған”, – деді Ғазизов.
Оның айтуынша, танымал контент авторларының сапарын ұйымдастыруға туристік сала өкілдері – қонақүйлер, мейрамханалар, туроператорлар мен әуе компаниялары атсалысады.
Ғазизовтың сөзінше, еліміздің туризм саласы үшін маңызды саналатын нарықтардан – Қытай, Еуропа, Азия және ТМД елдерінен блогерлер шақырылады. Бұл ел тұрғындары Қазақстанға келетін әлеуетті туристер санатында.
“Біз бұл блогерлерді шақырып, олардың жұмысын үйлестіреміз. Бизнес өкілдері және әуе компанияларымен байланыстырамыз. Кейбір әуе компаниялары бартерлік негізде блогерлерді тегін тасымалдауға келіседі. Жұмыс осы форматта жүргізіледі. Бұл мақсатқа ешқандай қаражат бөлінбеген”, – деді Ғазизов.
Оның сөзінше, Kazakh Tourism бұл үдерісте негізінен үйлестіруші рөлін атқарады. Компания блогерлер мен бизнес өкілдерінің байланысын қамтамасыз етеді. Алайда олардың сапар шығындарын тікелей төлемейді екен.
Тревел-блогерлерге арналған турларға 168 миллион теңге жұмсалады
Алайда бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева биыл блогерлер, журналистер және туризм саласының өкілдеріне арналған ақпараттық турларды ұйымдастыруға 168,8 миллион теңге қарастырылғанын мәлімдеген еді.
Министрдің айтуынша, республикалық бюджеттен туризмді дамытуға шамамен 1,5 миллиард теңге бөлінген. Оның бір бөлігі халықаралық және қазақстандық БАҚ өкілдері, блогерлер мен туризм индустриясы мамандарына арналған ақпараттық турларды өткізуге жұмсалады.
“Халықаралық және қазақстандық БАҚ өкілдері, блогерлер, туризм индустриясының мамандары және басқа да қатысушылар үшін ақпараттық турларды ұйымдастыруға және өткізуге 168,8 миллион теңге қарастырылған”, – делінген министрдің жауабында.
Осылайша, Kazakh Tourism блогерлердің сапарына тікелей ақы төлемейтінін мәлімдесе, Ақпарат министрлігі ақпараттық турларды ұйымдастыру шығындарына бюджеттен қаржы бөлінетінін хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін Әлемдік travel-блогерлер Қазақстанға келіп, еліміздің таңғажайып кадрларын көрсеткені туралы жазған едік.
"Аяғын орындыққа қойып отырады, жарқылмен қайта-қайта видео түсіреді": Қазақстандықтар қоғамдық орындардағы әдепсіздіктер туралы айтты
Оқыңыз