Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қай кезде полицияға жүгіну керек: Мәжіліс депутаты сталкинг белгілерін атады

сталкинг
Фото: magnific.com

Мәжілісте сталкинг және некеге мәжбүрлеудің алдын алу мәселелері талқыланды. Депутат Снежанна Имашева қандай әрекетті мазаны алатын, шектен шығатын мінез-құлық деп санауға болатынын айтты. Оған қоса мұндай жағдайда қалай әрекет ету керегін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Журналистер депутаттан нақты қандай әрекеттер сталкинг болып саналатынын сұрады. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі хабарлама немесе қоңыраулар саны қанша болғанда полицияға жүгіну керек екені туралы сұрақ қойылды.

“Егер бір немесе екі хабарлама қорқыныш тудырса, бірден полицияға жүгіну қажет. Ал оның сталкинг немесе жай ғана орынсыз әрекет екенін құқық қорғау органдары анықтайды”, – деді Имашева.

Оның айтуынша, мәселе хабарламада немесе қоңырауда емес, адамның бас тартқанына қарамастан, байланысты жалғастыра беруінде.

“Егер адам бір-екі рет сөйлесуді ұсынса, ал сіз “жоқ” деп жауап бергеннен кейін де ол байланыс орнатуды жалғастырса, мұны да сталкинг деуге болады. Мұндай жағдайда полицияға жүгіну керек”, – деді депутат.

Парламент өкілінің сөзінше, құқық қорғау органдары мұндай әрекеттердің салдарынан қандай да бір зиян келген-келмегенін анықтайды. Соған байланысты құқықтық баға беріледі.

“Қарым-қатынасты тоқтату туралы өтініштен кейін де жалғасатын кез келген жағымсыз байланыс сталкингтің белгісі болуы мүмкін”, – деді Снежанна Имашева.

Сонымен қатар депутаттан сырт көзге романтикалық көңіл білдіру сияқты көрінетін жағдайлар туралы да сұралды. Мысалы, сыйлықтар мен гүлдер беру, қыздың  мекенжайын анықтап алуы оның бойында қорқыныш тудыруы мүмкін.

“Егер мұндай мінез-құлықтан қорқып, мазасыздансаңыз полицияға жүгіну керек. Ең алдымен, бұл әрекеттің сізге жағымсыз екенін және қарым-қатынасты қаламайтыныңызды ашық айту маңызды. Егер осыдан кейін де мұндай әрекеттер жалғаса берсе, оған тиісті түрде әрекет ету қажет”, – деді ол.

Журналистер нақтылау сұрағын қойып, мұндай жағдайда ең алдымен адамның өз сезіміне сүйену керек пе деп сұрады.

“Иә, өз сезіміңізге сүйенуіңіз керек. Егер бұл сізге жағымсыз күй сыйласа, полицияға жүгініңіз”, – деді Имашева.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдату ұсынылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 09 Маусым, 2026 15:43