Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адамның сезімін оятуды және басқаруды біледі: Психолог алаяқтардың қалай әрекет етінін түсіндіріп берді

2022 жылы Қазақстанда алаяқтардан келген залал 15 миллиард теңгеден асып кеткен. Құзырлы органдар тергеу жүргізгенімен, көп жағдайда алаяқтарды ұстау мүмкін болмайды. Сондықтан болар интернеттің әлеуетін пайдаланып, көпшілікті сан соқтырып кететін алаяқтардың қарасы азаймай тұр. Ал ғалымдар алаяқтар кез келген адамға айласын асырып кете алатынын айтады. Себебі психологиялық тәсілдерді қолданып, азаматтардың осал тұсын анықтайды екен. Stan.kz тілшісі психологпен сұхбаттасып, алаяқтардың қандай психологиялық тәсілдерге жүгінетінін анықтап көрді.

Фото: ашық дереккөз

Бірнеше америкалық жоғары оқу орны 1 220 адамның қатысуымен алаяқтардың құрбандары арасындағы байланысты анықтау үшін тәжірибе жүргізген. Нәтижесінде жоғары білімі бар және белгілі деңгейде қаржылық сауатын арттырған жандардың да алаяқтарға қаржысын аударғаны немесе банк картасындағы деректерді айтып қойғаны анықталған. 

Кімдер алаяқтар арбауына түсуге бейім келеді?

Қазіргі таңда көпшілігі жастар алаяқтардың арбауына түспейді деп ойлайды. Дегенмен алаяқтарға алданғандар арасында жастардың саны қарияларға қарағанда әлдеқайда көп екен. 

2019 жылы Еурокомиссия тапсырмасымен Еуропаның 36 елінде 30 мың адамнан сауалнама алынған. Оның қорытындысы бойынша көп жағдайда 34 жасқа дейінгі адамдар (27,7%) алаяқтарға сеніп, қаржысынан қағылады екен. Ал алаяққа сенгендер қатарында зейнеткерлер мен қарттардың үлесі аз (18,5%) болып шыққан. 

Алаяқтар адамдардың психологиясына қалай әсер етеді?

Зерттеушілердің сөзінше, көп жағдайда интернет-алаяқтар өз құрбандарын шешім қабылдауға асықтырады. Себебі асығыстық кезінде адам эмоциямен әрекет етеді. Сыни тұрғыдан өз шешімін сараптамайды. Сондықтан туындаған мәселені қазір және жылдам шешуге ұмтылады. Бұл алаяқтардың жиі қолданатын психологиялық тәсілі екен. 

Психолог Мөлдір Мақсатқызы алаяқтарды "психологиялық әдістерді меңгерген киберқылмыскерлер" деп атады. Сөзінше, олардың көздегені – азаматтарды алдап, сеніміне кіру арқылы қаржысын иемдену. 

"Алаяқтарды "екінші психолог" деп шатастыруға болмайды. Адам бойындағы негізгі сезім түрлері: таңғалу, қуану, қорқу. Ал алаяқтар негізгі сезімдерді адамда қалай ояту керегін және оны басқаруды біледі. Мұның әдіс-тәсілін толықтай меңгереді", – деді ол. 

Маманның пайымдауынша, көп жағдайда алаяқтар азаматтардың сезімімен ойнау арқылы қақпанға түсіреді. 

"Адамда интуиция болады, яғни іштей күдік туындайды, санасына белгі береді. Алаяқтар болса бұл адамды шынымен жақсылық ойлап тұрғанына сендіреді. "Сен қомақты қаржы ұтып алдың" немесе "Сенің атыңнан несие алғалы жатыр, мен саған көмектесемін" деп жоғарыда айтқан негізгі сезімдерін оятады. Мұндай сөзді естіген соң адамдар да сене бастайды, иланады. Кейбірі интуициясына сеніп, "керемет ұсыныстан" бас тартады. Ал келесілері интуицияны ысырып қойып, алаяқтың айтқанын істейді", – деп түсіндірді ол. 

Мөлдір Мақсатқызының пайымдауынша, алаяқтарға алданған адамдарды "аңқау" және "аңғал" деп бөлуге болады екен. "Аңқау" адамдар бірден сеніп қалса, "аңғал" адамдардың алдымен көңілін табу қажет екен. 

"Білімді, дипломы бар адамдар да "аңғал" болады. Оларды ең алдымен қуаныш сыйлау арқылы көңіл-күйін көтереді. Содан кейін өзінің арам пиғылын жүзеге асырады. Демек барлығы адамның ішкі күйіне байланысты. Келесі бір жағдайда адам алаяқтық дерегі туралы, қаскөйлердің қандай тәсілді пайдаланатынын білмей қалуы мүмкін. Мұндай да жағдайлар кездеседі", – дейді Мөлдір Мақсатқызы. 

Алаяқтардан сақтанудың жолы

Психолог халықты интернеттегі алаяқтардан сақтандырудың жалғыз жолы осы туралы көбірек ақпарат ұсыну екенін айтады. Бұл шараны жүзеге асыру үшін танымал азаматтар мен шенділерді де жұмылдыру керегін қосып өтті.

"Адам құлақпен естіп, көзбен көрген нәрсеге сенеді. Сондықтан құзырлы орган өкілдері, алаяқтықпен күресетін департамент басшылары халық алдында жиі сөйлеп, мәліметтер ұсынып отырса деймін. Тіпті көшеде баннерлер ілінуі қажет. Мұның барлығы адамдарға бейсаналы түрде әсер етеді.

Мысалы, психологияда мынадай әдіс бар. Адамға жасыл түсті таңдату үшін бірнеше күн бойы оның алдына жасыл түсті заттарды қояды. Ал бірнеше күн өткен соң одан кез келген түсті таңдауды ұсынғанда, ол жасыл түсті бейсаналы түрде таңдайды. Сондықтан адамдар құлақ асатын, аудиториясы көп блогерлер де осы туралы деректерді жиі айтып отырса, атқарылған жұмыстың нәтижесі болады. Халықты жаппай құлақтандырмай тұрып, алаяқтықпен күресуден ешқандай қорытынды болмайды", – деп сөзін аяқтады психолог. 

Еске салайық, бұған дейін заңгер Альбина Бақтиярқызы алаяқтардың жиі қолданатынын әдістері мен олардан қорғанудың жолдарын айтып берген еді. 

Назархан Уән
Дүйсенбі, 27 Ақпан, 2023 07:18