Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Психикалық ауруханаға жатқызған": Елордалық әйелді күйеуі аяусыз ұрып-соғып, балаларын тартып алған

Елорда тұрғыны әйелін ұрып, балаларын тартып алған. Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды, деп Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

29 жастағы қыз 4 жыл бұрын тұрмысқа шығып, екі баланы дүниеге әкелген. Алайда отбасындағы кикілжіңге байланысты астаналық әйел жұбайынан ажырасуға шешім қабылдаған. Жәбірленушінің әпкесі Гүлбан Құлжағарованың сөзінше, ер адам бұған қарсы болған, әйелін психикалық ауруханаға жіберіп, ұлы мен қызын алып кетемін деп қорқытқан көрінеді.

"Сымбат ажырасуға өтініш бергісі келді. Абай келіспеді және егер Сымбат ажырасуға өтініш берсе, психикалық ауруханаға жатқызатынын, онда оның есі кіресілі-шығасылы деп танитынын айтты, кейіннен оны ата-ана құқығынан айырады деп қорқытты. Алайда Сымбат бәрібір ажырасуды талап етті. Нәтижесінде Абай Сымбатты қалалық психикалық денсаулық орталығына мәжбүрлеп орналастырып, оның психикалық денсаулығы нашар екенін және өзін-өзі өлтіргісі келетінін айтты. Сөйтіп ол психикалық ауруханада бір аптаға жуық жатты. Содан кейін Сымбат Абай балаларды тартып алады деп қорқып, балалары үшін Абаймен бірге тұруды жалғастыруға шешім қабылдады. 2020 жылдың қыркүйегінде Сымбат ресми түрде ажырасуға өтініш беріп, сотты күтті.

Ал 30 қыркүйекте Абай Сымбатты аяусыз ұрып-соғып, соның салдарынан бүкіл денесіндегі көп гематома салдарынан ауруханаға баруға тура келді. Сол күні ол күйеуіне қарсы арыз жазған жоқ, дәрігерлерге берген түсініктемесінде бәрін күйеуі айтқандай айтып берген, себебі ата-ана құқығынан айырады деп қорыққан. Сонымен қатар, Сымбат күйеуінен қатты қорқатын, өйткені ол тіпті өз анасынан қолдау көрмеген. Алайда, 1 қазанда Сымбат полицияға Абайға қарсы арыз жазды", - деп жазды жәбірленген астаналық әйелдің әпкесі.

Осыдан кейін ер адам әйелін бірнеше рет ұрған. Әйелдің аяғы сынған және бірнеше жері көгерген.

"19.10.2020 Абай оны қуып жіберді. Сымбат қашуға тырысып (гипспен) құлады. Қансырағанына байланысты Абай оны бірінші қалалық ауруханаға апарды. Сол жерде ол Instagram-дағы жаңа парақшасында көмек сұрап жазба жазды. Абай мұны көргенде, оны жазбаны алып тастауға мәжбүр етті, содан кейін оны қалалық психикалық денсаулық орталығына қайтарды. Сымбат ешқашан психикалық аурумен ауырмаса да. Енді біз, Сымбаттың достары мен отбасы, оны шығарып алуға тырысып жатырмыз. Алайда онымен байланысу мүмкін емес. Сіздерден менің әпкемді психикалық клиникадан шығаруға, оны толығымен сау деп тануға және балаларын қайтаруға көмектесулеріңізді сұраймыз", - деп қорытындылады Құлжағарова.

Нұр-Сұлтан полициясы 1 қазанда елорда тұрғыны жүгінгенін растады. Ол күйеуі оны жарақаттап, кәмелетке толмаған балаларын алып кеткенін мәлімдеді.

"Сол күні полиция қызметкерлері жәбірленушінің 30 жастағы күйеуін ұстады және тергеуге алып келді.  Нәтижесінде құқық бұзушыға қатысты қорғау ұйғарымы шығарылды. Алайда, ер адам тиісті қорытынды жасамай, оны қудалауды жалғастырды. Осыған байланысты 21 қазанда құқық бұзушы қайта ұсталып, оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы бойынша қамауға алынды.

Сонымен қатар, полиция дене жарақатын алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Бірқатар сараптамалар тағайындалды, олардың қорытындылары бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады", - деп атап өтті полицияда.

Талқылау